Қазіргі таңда піскен қызанақ ішкі нарыққа шығарылып, тұтынушыларға жол тартуда.
Түркістан облысының Келес даласында қызанақ пісті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Еліміздің бірқатар өңірінде қалың қар түсіп, аяз күшейіп тұрған шақта, топырағы құнарлы Түркістан облысының Келес даласында қызанақ пісті. Қыс мезгілінде көкөніс өнімін өндіру – аудан диқандарының тың технология мен табанды еңбегінің нақты көрінісі.
Келес ауданындағы «Мұстафа» шаруа қожалығы 5 гектар аумақты қамтитын жылыжай кешенінде жұмыс жүргізуде. Оның 1 гектарына израильдік «Малика» сорты егілген. Қазіргі таңда піскен қызанақ ішкі нарыққа шығарылып, тұтынушыларға жол тартуда.
Шаруа қожалығы бір гектардан 80-90 тоннаға дейін өнім алуды көздеп отыр. Бұл – қыс мезгіліндегі жоғары көрсеткіштердің бірі. Жылыжайда тұрақты түрде 8 адам жұмыспен қамтылған. Агроном Ибраһим Қарсыбаевтың айтуынша, «Малика» сұрпы өнімділігімен және сапасымен ерекшеленеді.
– Бұл сұрып жылыжай жағдайына бейімделген, ерте піседі және тасымалдауға төзімді. Дәмдік сапасы жоғары, сақтау мерзімі ұзақ. Қысқы кезеңде температура мен ылғалдылық тұрақты бақылауда болады, агротехникалық талаптар қатаң сақталады. Соның нәтижесінде сапалы әрі мол өнім алуға қол жеткізіп отырмыз, – дейді маман.
Алдағы уақытта жылыжайдың қалған бөлігіне қызылша дақылын егу жоспарланып отыр. Бұл өнім түрін көбейтіп, ішкі нарықты әртараптандыруға мүмкіндік береді.
Айта кетейік, Келес ауданының жалпы аумағы 345 мың гектардан асады. Соның 26 мың гектарына шаруалар егін егеді. Аудан диқандарының тынымсыз еңбегі ауыл шаруашылығы саласының дамуына серпін беріп, өңірдің әлеуметтік-экономикалық әлеуетін арттыруға өз үлесін қосуда.


