Түркістан облысында кәсіпкерлікті қолдау мен дамыту жұмыстары қарқын алып жатыр

0
110

Орталықтың тікелей сүйемелдеуімен жалпы құны 8,8 миллиард теңгені құрайтын 735 жоба іске асып, соның нәтижесінде 205 жоба нақты жүзеге асқан.


Түркістан облысында кәсіпкерлікті қолдау мен дамыту жұмыстары қарқын алып жатыр

Нұралхан Көшеров кәсіпкерлікті цифрлық дамытуға үндеді, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Мемлекет басшысының халыққа Жолдауындағы тапсырмаларды жүзеге асыру мақсатында Түркістан облысында кәсіпкерлік саласын қолдау мен дамыту жұмыстары қарқын алуда. Биылғы жылдың алғашқы сегіз айының өзінде облыс кәсіпкерлеріне 18 мыңға жуық кеңес беріліп, 1 770 бизнес-жоспар әзірленген. Бұл жұмыстарға «TÚRKISTAN» кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығы мұрындық болып отыр. Орталықтың тікелей сүйемелдеуімен жалпы құны 8,8 миллиард теңгені құрайтын 735 жоба іске асып, соның нәтижесінде 205 жоба нақты жүзеге асқан. Осы арқылы өңірде 2 000-нан астам жаңа жұмыс орны ашылған.


Бұл туралы Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен кеңейтілген жиында мәлім болды. Жиын барысында аймақ басшысы кәсіпкерлікті дамытудағы бірқатар өзекті мәселелерге назар аударып, аудан-қала әкімдерінің жұмысын сынға алды.


– Мемлекет басшысы халыққа Жолдауында: «Кәсіпкерлер – еліміздің цифрлық дамуының қозғаушы күші болуы тиіс» деп атап өтті. Осы салаға қатысты нақты тапсырмалар берілді. Осы орайда кәсіпкерлерді осы бағытта белсенді дамуға шақырамын. «TURKISTAN» кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығы мемлекеттік қызметтердің барлығын толықтай цифрлық форматқа көшіруі қажет. Бұл ретте жасанды интеллект пен басқа да озық технологияларды тиімді пайдалану міндетті. Сонымен бірге облыс көлемінде шағын және орта бизнесті дамытуға бағытталған нақты әрі нәтижелі іс-шаралар қабылдау керек. Жергілікті тұрғындардың табысты әрі ауқатты болуына жағдай жасау – мемлекет пен қоғамның ортақ міндеті. Аудан байыса – облыс байиды, облыс байыса – халықтың әл-ауқаты артады. Осыны нақты есте сақтаңыздар. Жұмысты үйлестіріп, жанашырлықпен, елге деген адал ниетпен атқару қажет. Нақты нәтижеге жетелейтін көрсеткіштер қажет, – деді облыс әкімі Нұралхан Көшеров.


Әкімнің айтуынша, кәсіпкерлерге көрсетілетін мемлекеттік қызметтер толықтай цифрлық форматқа көшірілуі тиіс. Бұл ретте жасанды интеллект пен заманауи технологияларды тиімді пайдалану қажеттігі айтылды. Сонымен қатар шағын және орта бизнесті қолдау бағытында нақты әрі пәрменді іс-шаралар қолға алынуы керек екені де ескертілді. Кәсіпкерлерге берілетін қаржылай қолдау шараларын кеңінен насихаттап, тек кеңеспен шектелмей, нақты және тұрақты қолдау көрсету жүйесін қалыптастыру қажеттігін айтты.


Жиында облыстық кәсіпкерлік және сауда басқармасының басшысы Нұржігіт Мырзахметов өңірдегі кәсіпкерлікті дамыту бағытында атқарылған жұмыстар туралы баяндады. Оның айтуынша, орталық сүйемелдеуімен түрлі салада ірі жобалар жүзеге асып жатыр. Атап айтқанда, 2025 жылы күріш өнімдерін өңдеу жобасы, қымыз және сүт өнімдері цехы, мақта тұқымын өңдеу және мия тамырын қайта өңдеу зауыттары, сұйық мақта майын өндіру, металл және ауыл шаруашылығы техникасына арналған бөлшектер шығару, жоңышқа өндірісі, вагондарды жөндеу жобалары іске қосылмақ.


Облыс аумағында қазіргі таңда 214 мыңнан астам шағын және орта кәсіпкерлік субъектісі тіркелген. Орталықтың басты мақсаты — кәсіпкерлерге сапалы ақпараттық қолдау көрсету, жобаларды сүйемелдеу және кәсіби даму мүмкіндігін арттыру. Кәсіпкерлік процесін толық автоматтандыру үшін арнайы CRM-платформа енгізілуде. Бұл жүйе арқылы әр кәсіпкердің жеке базасы жасалып, көрсетілетін қызмет сапасы нақты көрсеткіштермен өлшенеді. Сонымен қатар, есеп берулер автоматты түрде құрастырылатын болады.


Орталық сонымен қатар «Іскерлік байланыстар» және «Аға сеньорлар» халықаралық бағдарламалары аясында Германия мен Жапония елдерінде кәсіпкерлердің тағылымдамадан өтуіне мүмкіндік жасауда. Жоспарланған іс-шаралар қатарында кәсіпкерлерге арналған форумдар өткізу, кәсіпкерлік мектебін ашу мен шетелдік инвесторлармен жұмыс жүргізуді жолға қою сынды маңызды бастамалар бар.

Бөлісу