Аталған жоба өңірдегі құс шаруашылығын жаңа деңгейге көтеруге, сондай-ақ халықаралық озық тәжірибені жергілікті өндіріс үдерісіне енгізуге бағытталған.
Түркістан облысында құс шаруашылығын дамытуға бағытталған халықаралық аграрлық жоба жүзеге асырылуда, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Түркістан облысы, Ордабасы ауданына қарасты Төрткөл ауылдық округінде орналасқан «ТӨРТКҮЛ-ҚҰС» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативінде халықаралық маңызы бар ірі аграрлық жоба іске асырылуда. Аталған жоба өңірдегі құс шаруашылығын жаңа деңгейге көтеруге, сондай-ақ халықаралық озық тәжірибені жергілікті өндіріс үдерісіне енгізуге бағытталған.
Жоба аясында Түркістан облысына Senior Experten Service (SES) халықаралық бағдарламасы шеңберінде Германия Федеративтік Республикасынан жоғары білікті аграрлық сарапшы арнайы шақырылды. Бұл жергілікті кәсіпкерлер үшін әлемдік деңгейдегі тәжірибені тікелей өндіріс орнында меңгеруге мүмкіндік беретін маңызды қадам болып отыр.
Халықаралық жобаны жүзеге асыруда «TÚRKISTAN» кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығы шешуші рөл атқарды. Орталық тарапынан SES халықаралық ұйымымен өзара байланыс орнату, қажетті құжаттарды рәсімдеу, шетелдік сарапшыны тарту және жобаны үйлестіру бойынша кешенді жұмыстар атқарылды.
Осыған орай, «TÚRKISTAN» кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығының басшысы Берік Кенжебаев өндіріс орнына арнайы барып, жоба барысымен және халықаралық сарапшының жұмысымен танысты. Кездесу барысында ол мұндай бастамалардың өңір кәсіпкерлері үшін стратегиялық маңызға ие екенін атап өтіп, Ордабасы ауданы ғана емес, Түркістан облысының барлық аудандарындағы кәсіпкерлерге бизнес бастау, өндірісті кеңейту және халықаралық бағдарламаларға қатысу бағытында жан-жақты қолдау көрсетуге дайын екенін жеткізді.
Ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі 2023 жылдан бастап бройлер тауықтарын өсіру, өндіру және қайта өңдеу бағытында тұрақты жұмыс істеп келеді. Қазіргі таңда кәсіпорында 5 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Өндіріс үдерісі толықтай жергілікті шикізатқа негізделген. Кооператив COBB-500 тұқымды тәуліктік балапандарды пайдаланып, құстарды отандық жем-шөппен азықтандырады.
Кәсіпорын басшылығы SES бағдарламасы аясында халықаралық сарапшының тәжірибесін пайдалана отырып, бірқатар стратегиялық міндеттерді жүзеге асыруды жоспарлап отыр. Атап айтқанда, тәуліктік балапандардың өміршеңдігін арттыру, 100 пайыз қалдықсыз өндіріс жүйесін енгізу, яғни құс етінен бөлек қауырсын, көң және ішкі ағзаларды толық өңдеу арқылы қосымша өнім көздерін қалыптастыру көзделген. Сонымен қатар, жылдық өндіріс көлемін 800 тоннаға дейін ұлғайту, өнімнің өзіндік құнын төмендету және болашақта экспорттық нарықтарға шығу мүмкіндіктерін қарастыру негізгі мақсаттардың қатарында.
Германиядан келген халықаралық аграрлық сарапшы Эберхард Вестхаузер кәсіпорын басшылығымен алғашқы жұмыс кездесулерін өткізіп, өндірістік үдерістермен жан-жақты танысты. Неміс маманы Түркістан өңірінде екі апта бойы жұмыс істеп, құс шаруашылығын дамыту бағытындағы кәсіби тәжірибесімен бөліседі.
Эберхард Вестхаузер – аграрлық ғылымдар саласында көпжылдық тәжірибесі бар, мал және құс шаруашылығы бойынша халықаралық деңгейде танылған сарапшы. Ол ірі қара, шошқа, ешкі және бройлер тауықтарын өсіру мен азықтандыру саласында терең білімге ие. Бұған дейін Кения, Танзания, Косово, Молдова және Уганда елдерінде SES бағдарламасы аясында 17-ден астам халықаралық жобада жұмыс істеп, фермерлерді оқыту мен ауыл шаруашылығы кәсіпорындарының өндірістік тиімділігін арттыруға елеулі үлес қосқан.
Аталған жоба Түркістан облысының агроөнеркәсіптік әлеуетін арттырумен қатар, өңірді отандық және халықаралық нарықта бәсекеге қабілетті ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіретін аймақ ретінде қалыптастыруға ықпал етпек.


