Түркістан облысында мақта-тоқыма кластерін дамыту жұмыстары басталды

0
57

Түркістан облысы республикада мақта өсіретін жалғыз аймақ


Түркістан облысында мақта-тоқыма кластерін дамыту жұмыстары басталды

Түркістан облысында 106 мың гектарға мақта егілді, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы есеп беру барысында Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды мәлім етті.


– Түркістан облысы республикада мақта өсіретін жалғыз аймақ. Биыл 106 мың гектарға мақта егілді. Дегенмен, дәстүрлі әдісті қолданғандықтан оның өнімділігі де төмен болып отыр. Енді заманауи суды үнемдеу технологияларын қолдана отырып, мақтаның элиталық сорттарын өсіруді және шикізатты терең өңдеуді қамтитын мақта-тоқыма кластерін құру қолға алынды. Яғни, мақта өсіруден бастап жіп, мата және киім сияқты дайын тоқыма өнімдерін өндіруге дейін қамтылады. Түркістан қаласында мақтаны терең өңдейтін ірі зауыттың құрылысы басталды. Жоба құны - 147 млрд. теңге. Зауытта 4 000-нан астам жұмыс орны ашылады, – деді Дархан Сатыбалды.


Жалпы өңірде мақта кластерінде 9 жобаны іске асыру жоспарланып отыр. Толық іске қосылғанда 40 мыңнан астам жұмыс орны құрылып, 50 мың тоннаға жуық дайын өнім өндіріледі. Бюджетке миллиардтаған салық түседі. Мақта өнімділігі 3 есеге дейін артып, өнімділік көрсеткіші гектарына 70 центнерге жетеді деп межеленіп отыр. Аймақта мақта егуде су үнемдеу технологиялары қолданылуда.


Мақталы аймақтарда егістікті әртараптандыру бағытында да жұмыс басталған. Аймақта жүгеріні терең өңдейтін «Крахмал-сірне» зауыты салынуда. Жоба құны – 36 млрд.теңге. Жоба толық іске қосылғанда жылына 150 мың тонна жүгеріні терең өңдеуге мүмкіндік береді. 550 жаңа жұмыс орны ашылып, жүгеріден 26 түрлі өнім шығарылады деп күтіліп отыр.

Бөлісу