Аталған жер телімдерінің кадастрлық құны 1,3 млрд теңгеден асып отыр. Бұл мәселе Түркістан облыстық прокуратураның өткен жылдың жұмыс қорытындылаған кеңейтілген алқа отырысында сөз болды.
ERNUR.KZ. Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында Түркістан облысында мемлекеттік меншікке көлемі 33 мың гектардан асатын 500 жер учаскесі қайтарылды, деп жазады ҚазАқпарат.
Аталған жер телімдерінің кадастрлық құны 1,3 млрд теңгеден асып отыр. Бұл мәселе Түркістан облыстық прокуратураның өткен жылдың жұмыс қорытындылаған кеңейтілген алқа отырысында сөз болды.
Облыстық прокуратураның мәліметінше, қадағалау органы өкілдерінің жүйелі жұмыстарының нәтижесінде қылмыстық қудалау органдарымен шамамен 300-ге тарта лауазымды тұлға тәртіптік жауапкершілікке тартылған.
Сотқа дейінгі тергеуді жеделдету тәртібімен 2 мыңнан астам іс сотқа жіберілген. Соттарға түсетін жүктеме де айтарлықтай төмендеген. Бір жыл ішінде прокурорлар 1,1 мың аса маңызды қылмыстық істер бойынша процеске қатысқан.
Сондай-ақ, халықтың әлеуметтік осал топтарын қорғау жағы қамтамасыз етіліп, шағын және орта бизнес үшін әкімшілік кедергілер қысқарған.
Ал, әлеуметтік-экономикалық салада прокурорлармен 2 мыңға жуық заңбұзушылық әрекеттер анықталып, ретке келтірілген. Заңсыз толтырылған 224 акті жойылып, өзгертілген. Кемшіліктерге жол берген 1,5 мың тұлға түрлі жауапкершілікке тартылған.
Мемлекет мүддесін қорғау барысында бюджетке 879 млн теңге шығын өтеліп, жалпы сомасы 1,1 млрд теңгенің мүлкі қайтарылды. Қадағалаушы орган өкілдерінің араласуынан кейін мемлекет кірісіне 309 млн теңгеге өндіріліп, жалақы қарызы 38 млн теңгеден 8 млн теңгеге дейін төмендеді. Халықтың прокуратура органдарына сенімін арттыру мақсатында заңдылықты қамтамасыз ету мәселелері бойынша Қоғамдық кеңес құрылды.
Алқа отырысының қорытындысы бойынша облыс прокуратурасының қызметкерлеріне прокурорлық қадағалау тиімділігін одан әрі арттыру және Мемлекет басшысының, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының тапсырмаларын іске асыру бойынша бірқатар міндеттер қойылды. Алдағы кезеңге арналған бірінші кезектегі міндеттер айқындалды.