Түркістан облысында «Мұз» акциясы өтіп жатыр

0
61

Су айдындарында қауіпсіздік қағидаларын бұзу немесе орындамау бойынша жеке тұлғаларға 7 АЕК айыппұл салынады.


Түркістан облысында «Мұз» акциясы өтіп жатыр

Түркістан облысында су айдындарындағы қауіпсіздікке арналған «Мұз» акциясы өтіп жатыр, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Бұл туралы брифингте Түркістан облысы ТЖД төтенше жағдайларды жою басқармасының бастығы Даурен Жүсіпов мәлімдеді.


«Мұз» акциясы аясында департамент қызметкерлері тұрғындарға қысқы уақыт кезіндегі су айдындарында қауіпсіздік ережелерін түсіндіреді. Осы мақсатта балық аулау аймақтары мен аңшылық дүкендерінде қыс мезгіліндегі су және мұздағы қауіпсіздік талаптарын сақтау бойынша 18 500 дана жадынама таратылды. Одан бөлек, 18 751 оқушыға «Судағы және мұздағы қауіпсіздік ережелері», «Суда зардап шегушілерді құтқару, алғашқы дәрігерге дейінгі медициналық көмек көрсету тәсілдері» тақырыбында интерактивті және тәжірибелік сабақтар өткізілді. Су айдындарында балық аулау кезіндегі қауіпсіздік қағидаларын бұзу немесе орындамау бойынша жеке тұлғаларға 7 АЕК айыппұл салынатындығын ескертеміз», - деді Даурен Жолдасбекұлы.


Брифингке қатысқан Түркістан облысы Төтенше жағдайлар департаменті Мемлекеттік өрт бақылау басқармасының бастығы Мейрамхан Кемелхановтың сөзінше, өңірде 380 мыңнан астам тұрғын үй бар, оның 271 836-сына тексеру жұмыстары жүргізілді.


«Қазіргі таңда облыстағы 403 елді мекенде 60 779 тұрғын үй қатты отын қолданады. Аралау барысында 1 492 тұрғын үйде ғана көміртегі тотығын анықтайтын электронды дабылқаққыш құрылғылары бар екендігі анықталды. Нәтижесінде шалғай ауылдардағы 2 254 әлеуметтік жағдайы төмен тұрғын үйдің мұржалары тазартылды. Тұрмыстық өрттердің алдын алу мақсатында жергілікті атқарушы органдармен, полиция қызметімен бірлесіп ауқымды 56 профилактикалық рейдтік шаралар ұйымдастырылды. Сонымен қатар, тұрғын үйлерге газосигнализатор орнату жұмыстары жүйелі түрде жүргізілуде. Жалпы облыс аумағында 2026 жылы улы газбен уланудың бір жағдайы тіркелді. Ал 2025 жылы уланудың 2 жағдайы тіркелген болатын»,- деді спикер.


Айта кетейік, қысқы мезгілдегі қауіпсіздік шаралары барысында 315 білім беру ұйымында, 900-ден аса халық көп шоғырланатын нысандарда, 300 жатақхана мен қонақ үйлерде өрт кезінде эвакуациялау тәртібі, өрт дабылқаққыш құралдарының маңыздылығы бойынша кездесу өтті.

Бөлісу