Н.КӨШЕРОВ: «Өңірдегі дүкен сөрелерінде, сауда орындарында бірінші кезекте отандық өнімдерге басымдық берілуі керек»
Түркістан облысында өндіріс орындарын ашу, инвестиция тарту бағытында қарқынды жұмыс жалғасып жатыр, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Аталған жобалардың жай-күйі мен алдағы жоспарлар Түркістан өңірлік инвестициялық штабының мәжілісінде кеңінен талқыланды. Кәсіпкерлермен тікелей диалог орнатылып, мәселелер ашық айтылды. Облыс әкімі Нұралхан Көшеров әрбір жоба бойынша жауаптылардың есебін тыңдап, тиісті тапсырмалар берді.
– Әлемдегі оқиғалар бізге өндіріс пен терең өңдеу саласын дамыту керектігін тағы да айқындап берді. Шикізат экспорттаушы емес, дайын өнім шығаратын өңірге айналуымыз керек. Сондықтан әрбір жобаның жүзеге асырылуы қатаң бақылауда болады. Біз кәсіпкерлер мен инвесторларды, отандық өнімді қолдауға міндеттіміз. Өңірдегі дүкен сөрелерінде, сауда орындарында бірінші кезекте отандық өнімдерге орын берілуі керек. Кәсіпкерлікке жауапты басқарма мен «Атамекен» палатасы осы бағыттағы жұмыстарды күшейтсін. Мониторинг жүргізіп, нақты ұсыныс енгізіңіздер. Түркістан облысында отандық өндірісті дамыту ісі мен жергілікті өнімдерге басымдық берілсін, – деді Нұралхан Көшеров.
Инвестициялық штаб мәжілісін облыс әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбеков жүргізіп, жаңадан іске асырылатын инвестициялық жобалар баяндалды. Жоба жетекшілерінің ұсыныстары мен мәселелері қаралды. Олардың бірқатарына тоқталсақ, Түркістан қаласындағы «TURAN» арнайы экономикалық аймағында «Eurasian packing materials» ЖШС скотч және полипропилен қаптар өндірісі жобасы іске асырса,«STRONEX» ЖШС аяқ киім және полимер шығаратын кәсіпорын ашпақ. Сонымен бірге «Platinum Industry» ЖШС дизель-генераторлық қондырғыларды өндіру зауытының құрылысын іске асырмақ. Үш жоба аясында 200-ге жуық жұмыс орны құрылады. Сондай-ақ Төлеби ауданында алюминий орамдарын өндіретін зауыт ашу, Түркістанда көмір электр станциясының құрылысын жүргізу бойынша да инвесторлардың өтініштері тыңдалып, тиісті қолдау көрсетілетіні айтылды.
Мәжілісте 2026 жылы іске асырылатын инвестициялық жобалар және 2025 жылғы форум аясында қытайлық инвесторлармен жүргізілген келіссөздердің іске асырылу барысы туралы Сауран ауданы мен Кентау қаласы әкімдерінің есептері тыңдалып, тиісті тапсырмалар берілді.
Айта кетейік, 11 айда облыс экономикасына 1,4 трлн теңге инвестиция тартылды. Өнеркәсіп қарқыны күшейді, 57 инвестициялық жоба іске қосылып, 8 310 жұмыс орны ашылды. Облыстың өнеркәсіптік әлеуетін дамыту мақсатында 20 индустриалды және «TURAN» арнайы экономикалық аймағы құрылған. Индустриалды аймақтарда 39 млрд теңге инвестиция тартылып, 50 жоба іске қосылды. «TURAN» арнайы экономикалық аймағында 223 млрд теңгеге 20 ірі жоба жүзеге асырылып жатыр.


