Тараптар алдағы уақытта ынтымақтастықты нақты жобалармен нығайтуға уағдаласты.
Түркістан облысында шетелдік инвесторлармен ынтымақтастық күшейтіле түсті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров шетелдік инвестормен ресми кездесу өткізіп, өңірде инвестициялық жобаларды іске асыру мәселелерін талқылады. Кездесу барысында екіжақты ынтымақтастықты дамытуға бағытталған нақты ұсыныстар мен жоспарлар қарастырылды.
Облыс басшысы Түркістан облысының инвестициялық әлеуеті, қолайлы географиялық орналасуы, инфрақұрылымдық мүмкіндіктері және мемлекет тарапынан көрсетілетін жан-жақты қолдаулар туралы кеңінен баяндады. Инвесторларға арналған жеңілдіктер, индустриялық аймақтар мен арнайы экономикалық аймақтардың мүмкіндіктері, сондай-ақ әкімдік тарапынан жобаларды сүйемелдеу тетіктері таныстырылды.
Нұралхан Көшеров өңірде инвестициялық ахуалды жақсарту – басты басымдықтардың бірі екенін атап өтті. Бұған дейінгі келіссөздерді нақты нәтижеге ұластырып, өндірісті іске қосу қажеттігін айтты.
Қытайлық инвестор бірқатар бағыттар бойынша бірлескен жобаларды жүзеге асыруға қызығушылық танытты. Тараптар алдағы уақытта ынтымақтастықты нақты жобалармен нығайтуға уағдаласты.


