Негізгі басымдық – тұрғындардың қауіпсіздігін сақтау, инфрақұрылым нысандарын қорғау және төтенше жағдайлардың алдын алу.
Түркістан облысында су тасқыны кезеңіне жоспарлы дайындық жүргізілуде, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Түркістан облысында көктемгі су тасқыны кезеңінің қауіпсіз өтуін қамтамасыз ету мақсатында кешенді дайындық жұмыстары қолға алынған. Негізгі басымдық – тұрғындардың қауіпсіздігін сақтау, инфрақұрылым нысандарын қорғау және төтенше жағдайлардың алдын алу.
Аталған жұмыстар Түркістан облысының Төтенше жағдайлар департаментінің басшылығымен жүйелі түрде жүргізілуде. Қазіргі таңда өңірдегі өзендерде мұз кептелістері тіркелмеген. Мамандардың мәліметінше, гидрологиялық жағдай тұрақты, су режимі қалыпты деңгейде сақталып отыр.
«Қазгидромет» орталығының болжамына сәйкес, ақпан айында облыста ауа температурасы -3,8…+4,1 градус аралығында болады. Жауын-шашын мөлшері облыстың басым бөлігінде нормаға жуық, ал таулы және тау бөктеріндегі аудандарда нормадан жоғары болуы мүмкін. Осыған байланысты су тасқынына дайындық шаралары күшейтілген.
Бүгінде облыс аумағында барлығы 42 су қоймасы бар. Оның ішінде 16-сы республикалық, 22-сі облыстық және 4-еуі жеке меншік нысандар. Қазіргі уақытта су қоймаларының орташа толу деңгейі 59 пайызды құрап отыр.
Су тасқыны қаупінің алдын алу мақсатында «2025–2026 жылдарға арналған қыс-көктемгі су тасқынына қарсы инженерлік іс-шаралар жоспары» бекітілген. Аталған жоспар 12 іс-шарадан тұрады. Бүгінгі таңда оның 8-і толық орындалып, қалған жұмыстар кезең-кезеңімен жалғасуда.
Қауіп туындаған жағдайда жедел әрекет ету үшін күш-құралдар толық дайындыққа келтірілді. Су тасқыны кезеңінде 1000-нан астам құтқарушы, 120-дан аса техника, жүзу құралдары, су сорғыш құрылғылар мен эвакуациялауға арналған арнайы көліктер кез келген жағдайға дайын.
Жоспар аясында Бәйдібек ауданындағы облыстық маңызы бар автокөлік жолындағы көпірлерге күрделі жөндеу жүргізілді. Сонымен қатар Боралдай өзенінің қорғаныс дамбасы бетонданды, Келес өзенінің арнасы нығайтылды. Мақтаарал ауданында Ташкент көшесі бойындағы ирригациялық жүйелер қалпына келтіріліп, автокөлік жолдарындағы өткелдер кеңейтілді.
Бұдан бөлек, су тасқыны қаупі бар учаскелер бойынша 22 іс-шараны қамтитын «2026–2027 жылдарға арналған су тасқынына қарсы жол картасы» әзірлену үстінде.
Айта кетейік, Түркістан облысында көктемгі су тасқыны кезеңін қауіпсіз өткізуге бағытталған барлық жұмыстар тұрақты бақылауда.


