Түркістан облысында тағы бір ауыл көгілдір отынға қосылды

0
97

Тұрғындар көптен күткен жобаның жүзеге асуына үлес қосқан азаматтарға ризашылықтарын білдірді.


Түркістан облысында тағы бір ауыл көгілдір отынға қосылды

Түркістан облысында тағы бір елді мекен көгілдір отынға қосылды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Ордабасы ауданында елді мекендерді инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда. Осы бағытта Төрткүл ауылдық округіне қарасты Ақсары ауылына табиғи газ беріліп, нысанның салтанатты ашылу рәсімі өтті.

Іс-шараға Ордабасы ауданының әкімі Азат Оралбаев, аудандық мәслихат төрағасы Бақдәулет Жұмабеков, сала мамандары мен ауыл тұрғындары қатысты.

Жоба облыстық бюджет есебінен жүзеге асырылды. Құрылыс жұмыстары 2025 жылдың қыркүйек айында басталып, 2026 жылдың маусымында толық аяқталды. Нәтижесінде ұзындығы 9,7 шақырым газ құбыры тартылып, 50 тұрғын үй табиғи газға қосылды.

«Ақсары ауылына табиғи газдың берілуі – тұрғындардың әл-ауқатын жақсартуға бағытталған нақты жобалардың бірі. Алдағы уақытта да ауданымыздағы елді мекендерді инженерлік-коммуналдық инфрақұрылыммен қамтамасыз ету жұмыстары жүйелі түрде жалғасады», – деді аудан әкімі.

Шара барысында ауыл ақсақалы көгілдір отын алауын салтанатты түрде жағып, ақ батасын берді. Тұрғындар көптен күткен жобаның жүзеге асуына үлес қосқан азаматтарға ризашылықтарын білдірді.

Айта кетейік, бүгінде Ордабасы ауданындағы 57 елді мекеннің 45-і табиғи газбен қамтылған. Бұл ауданның газдандыру деңгейі 79 пайызға жеткенін көрсетеді. Алдағы уақытта да тұрғындарды табиғи газбен қамту бағытындағы жұмыстар кезең-кезеңімен жалғасын табады.

Бөлісу