Түркістан облысында тағы бірнеше лагерь жұмысын бастады

0
387

Ал өңірдегі лагерлердің кейбірі алдағы аптада өз жұмысын бастайды деп күтілуде.


Түркістан облысында тағы бірнеше лагерь жұмысын бастады

Түркістан облысындағы лагерлердің келесі легі жұмысын бастады, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Оқу жылы аяқталып, балалардың бірінші легі жазғы сауықтыру лагерлеріне қабылданып үлгерді. Ал өңірдегі лагерлердің кейбірі алдағы аптада өз жұмысын бастайды деп күтілуде. Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев өңірдегі бірқатар жазғы демалыс орнын аралап көрді.


Түлкібас ауданы, Машат шатқалында орналасқан «Самал» жазғы сауықтыру лагеріне барды. Мұнда облыстағы өмірлік қиын жағдайдағы балаларды қолдау орталығы алдағы аптада өз жұмысын бастайды. Қазіргі таңда лагерь алғашқы 150 баланы қабылдауға дайын.


Жұмыс сапары әрі қарай Түлкібас ауданы, Машат шатқалында орналасқан «Отырар» жазғы сауықтыру лагерінде жалғасты. Аталған лагерге жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін тиісті қаржы қаралған. Бөлінген қаржыға шатыр ауыстыру, ауыс су жүйесін жөндеу және әктеу-сырлау жұмыстары жүргізілді. Сондай-ақ кереуеттер мен төсек орындары жаңартылды. Биыл лагерьге 8 ауысымда 1200 оқушы демалады деп жоспарлануда. Бірінші кезекте жетім, жартылай жетім, аз қамтамасыз етілген және көп балалы отбасының балалары жіберілетін болады. Балаларға 23 қызметкер қызмет көрсетеді.


Түркістан қаласының білім бөліміне қарасты «Балауса» балалардың жазғы сауықтыру демалыс лагері жұмыс жүргізеді. Лагерь Құсшы ата елді мекенінде орналасқан. 2001-2002 оқу жылында Қазақстан Республикасының 10 жылдығы қарсаңында Түркістан қаласының білім бөліміне қарасты балалар мен жасөспірімдер орталығының теңгеріміндегі ашылған балалардың жазғы сауықтыру демалыс лагерінің жұмыс істеп жатқанына биыл 22 жыл. Лагерь 4 корпустан тұрады, үлкен жаздық тамақтану орны, азық-түлік сақтайтын орны, бассейн, душ, спорт, би алаңдары бар. Сонымен қатар су құбыр жүйесі, балалар жуынатын және көлеңкеде демалатын орын қарастырылған. Түркістан қаласының білім бөліміне қарасты балалар мен жасөспірімдер орталығының теңгеріміндегі балалардың жазғы сауықтыру демалыс лагеріне 32 жалпы білім беретін мектептен оқушылар қамтылады. Әр ауысымда 150 баладан демалып, лагерь 6 ауысым бойынша жұмыс істейді.


Бейсенбай Тәжібаев лагерь басшыларына балалар қауіпсіздігін сақтау, сапалы қызмет көрсету жөнінде тапсырма берді.


Жалпы жаз мезгілінде Түркістан облысында 31 сауықтыру лагері қызмет көрсетеді деп жоспарлануда. Оның ішінде 9-ы – мемлекеттік, 22-сі –жекеменшік. 1-3 маусым аралығында 10 лагерь санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің рұқсатын алып, жұмыстарын бастады. Барлық 31 жазғы сауықтыру лагерінің ашылуы маусым айына жоспарланған. Жазғы сауықтыру лагерлерінде балалар қауіпсіздігі үшін күзет агенттіктері қызмет көрсетеді және орналасу ауданына қарай полиция қызметімен бірлескен жұмыстар жүргізеді.


Айта кетейік, өңірде жалпы 70 мың бала жазғы сауықтыру лагерлерінде демалады деп жоспарланған. Оның 50 мыңы бюджет есебінен болса, 20 мыңы ата-ана есебінен жіберіледі. Алғашқы онкүндікте жоғарыда аталған лагерлерде 2464 бала 1 ауысымға қабылданып, сауықтырылуда. Жаз бойы 6-8 ауысымда қызмет көрсетеді деп жоспарланған. Балалар әлеуметтік жағдайына байланысты бюджет есебінен тегін демалса, қалған оқушылар ата-аналар есебінен ақылы демалады. Сонымен қатар «Қазақстан халқына» қоры есебінен облыста жалпы 3421 оқушы жазғы сауықтыру лагерлерімен тегін қамтылады.