Өңір басшысы кластердің экономикалық мән-маңызын атап өтіп, сапалы әрі жедел іске асыруды тапсырды.
Түркістан облысында ауыл шаруашылығы мен өнеркәсіп қатар дамытып келеді, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Соңғы жылдары бұл өңірде агроөнеркәсіп кешенін қайта өңдеуге басымдық беріліп, жаңа өндірістік қуаттар іске қосылуда. Соның бірегейі – «Түркістан Текстиль» ЖШС қолға алған маңдайалды мақта-мата кластері. Жобаның құрылыс барысымен облыс әкімі Нұралхан Көшеров арнайы барып танысты. Өңір басшысы кластердің экономикалық мән-маңызын атап өтіп, сапалы әрі жедел іске асыруды тапсырды.
Бұл еліміздегі ең ірі тоқыма кластерлерінің бірі болмақ. Жалпы құны 86,5 млрд теңгені құрайтын өндіріс кешенінде 2345 адам тұрақты жұмыспен қамтылады. Өз шикізатына негізделген ішкі өндіріс тізбегі қалыптасады және экспортқа бағытталған дайын өнімдер шығарылады. Жергілікті мақта өндірушілер үшін тұрақты өткізу нарығы пайда болады.
– Біз шикізатты тек өсіріп қана қоймай, оны толық өңдеп, қосылған құны жоғары өнімге айналдыруымыз қажет. Бұл - Президент тапсырмасы. Түркістан облысы мақта егетін жалғыз өңір. Ендеше, тоқыма кластері осы саланың болашағын анықтайтын маңызды тетік болады. Біз бұл жобаны жіті бақылауда ұстаймыз, – деді облыс әкімі Нұралхан Көшеров.
«Turkistan Textile» жобасы толық өндірістік циклге негізделген. Яғни, жоба аясында элиталық сұрыпты мақта тұқымын жергілікті жерде өсіру, жіп иіру, мата тоқу, киім тігу және дайын өнім өндіру мен ішкі нарық пен экспортқа шығару көзделген. Бұндай жүйе өңірдің ауыл шаруашылығы мен жеңіл өнеркәсібін тоғыстырып, макроэкономикалық көрсеткіштерді жақсартуға ықпал етеді. Бұл өз кезегінде облыстың ІЖӨ-сінің өсуіне, салық базасының кеңеюіне және жұмыссыздықтың төмендеуіне мүмкіндік береді.
Қазіргі таңда өндірістік корпустар мен жұмысшыларға арналған жатақхана құрылысы аяқталуға жақын. Бірінші кезеңнің өндірісін биыл іске қосу жоспарланған. Қалғаны келер жылдың соңына дейін кезең-кезеңімен пайдалануға беріледі. Бұл жобаны Қытайлық «Lihua Group» компаниясы қаржыландырып отыр. Компания халықаралық деңгейде жеңіл өнеркәсіп пен тоқыма өндірісі бойынша танымал инвестор.