Түркістан облысында түсім мен кіріс көлемі артып жатыр

0
223

Қаржы саласындағы мәселелер, облыстың өзіндік табысы мен кіріс көздерін ұлғайту жоспары облыс әкімі аппаратының мәжілісінде талқыланды.


Түркістан облысында түсім мен кіріс көлемі артып жатыр

Түркістан облысында түсімдер мен кірістер көлемі артып жатыр, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Түркістан облысында 2025 жылдың 1 наурыздағы жағдай бойынша жергілікті бюджетке 44,6 млрд. теңге салықтар мен басқа да түсімдер түсіп, жоспар 180,7%-ға орындалды. Бұл – республика деңгейінде 5-ші нәтиже. Қаржы саласындағы мәселелер, облыстың өзіндік табысы мен кіріс көздерін ұлғайту жоспары облыс әкімі аппаратының мәжілісінде талқыланды. Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров осы бағытта жұмысты жандандыра түсуді тапсырды.


– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы өңірдегі халықтың әл-ауқатын көтеру, тұрмыс сапасын жақсарту міндетін жүктеді. Қаржы және салық саласындағы жұмысты жандандыра түсу қажет. Кіріс көздерін ұлғайтыңыздар. Аудан, қала әкімдері жауапты басқарма мен департаментпен бірлесе жұмыс атқарсын. Біз Түркістан өңірінің өзіндік табысын арттыруымыз керек, – деді Нұралхан Көшеров.


Мәжілісте Түркістан облысының қаржы және мемлекеттік активтер басқармасы Қайрат Елібаевтың айтуынша, жоспардың артығымен орындалуы табыс салығынан – 8,1 млрд. теңге, меншік салығынан – 1,7 млрд. теңге, жер қойнауын пайдаланушылардың аударымдарынан – 1,7 млрд. теңге және өзге де түсімдер есебінен орындалып отыр. Салықтық түсімдер бойынша бюджетке 38,5 млрд. теңге түссе, салықтық емес түсімдер бойынша 4,6 млрд. теңге түсіп, жоспар артығымен орындалды.


Мәжілісте облыста «Жайлы мектеп» жобасының жүзеге асырылуы және хаттамалық тапсырмалардың орындалуы бойынша да есептер тыңдалып, жауаптыларға тиісті міндеттер жүктелді.

Бөлісу