Келіссөздер барысында инвестиция көлемі 800 миллион АҚШ долларынан асатын ірі өндіріс жобасы талқыланды.
Қытайлық алпауыт компания Түркістан өңірінде тыңайтқыш өндіретін зауыт салуға ниетті., деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Түркістан облысы инвестициялық жобалар тартуда жаңа серпін алды. Қытайлық алпауыт компания өңірде тыңайтқыш өндіретін зауыт салуға ниетті. Облыс әкімі Нұралхан Көшеров ҚХР-ның ауыл шаруашылығы және тыңайтқыш өндірісі бойынша ең ірі компанияларының бірінің өкілдерімен кездесті. Келіссөздер барысында инвестиция көлемі 800 миллион АҚШ долларынан асатын ірі өндіріс жобасы талқыланды. Логистика, инженерлік инфрақұрылым мәселелері пысықталды.
Түркістан облысы – ауыл шаруашылығында жетекші орын алатын стратегиялық өңір. Бұл жоба жүзеге асқан жағдайда, Түркістан облысында жылына 2 миллион тоннаға дейін тыңайтқыш өндіретін зауыт салынуы мүмкін. Аталған кәсіпорын Қазақстандағы ғана емес, Орталық Азиядағы аса ірі агроөндірістік нысандардың бірі болмақ.
Облыс басшысы Нұралхан Көшеров кездесуде шетелдік әріптестерге нақты басымдықтарды атап өтті. Жоба аясында өндірісте экологиялық қауіпсіз, энергия үнемдейтін, ең бастысы, су ресурстарын тиімді пайдаланатын технологиялар енгізудің маңыздылыңын айтты.
– Түркістан облысы – ауыл шаруашылығы үшін табиғи-климаттық, ресурстық және инфрақұрылымдық тұрғыда ең қолайлы өңір. Біздің өңір елдегі жалғыз мақта егетін аймақ қана емес, сонымен бірге жеміс-жидек, бақша дақылдары, мал шаруашылығы, суармалы егіншілік бағытында да айрықша әлеуетке ие. Біз Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, шетелдік инвесторлармен тығыз жұмыс жүргізіп жатырмыз. Су үнемдеу технологияларын енгізу, тыңайтқыш өндірісін дамыту – біздің аграрлық саясатымыздың басымдықтарының бірі. Жаңа жобаның жүзеге асуына жан-жақты қолдау көрсетіледі, - деді облыс әкімі Нұралхан Көшеров.
Ауыл шаруашылығы өнімдерінің өнімділігін арттыруда тыңайтқыш қолдану шешуші рөл атқарады. Бұл зауыт іске қосылғанда шаруалар қолжетімді әрі сапалы тыңайтқышпен қамтылады, ішкі нарық қажеттілігі толық өтеліп, экспорттық әлеует қалыптасады, 2 000-нан астам тұрақты жұмыс орны ашылады. Қосалқы өндірістер, логистика, қойма, қызмет көрсету салалары да даму серпінін алады.