Түркістан облысында заманауи медициналық орталық ашылды

0
468

1 күнде 200 адамды қабылдауға мүмкіндігі бар.


Түркістан облысында заманауи медициналық орталық ашылды

Ордабасы ауданындағы Шұбарсу ауылында «ROLLAN MED» жекеменшік медициналық мекемесі ашылды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Түркістан облысы, Ордабасы ауданындағы Шұбарсу ауылында «ROLLAN MED» жекеменшік медициналық мекемесі ашылды. Ордабасы ауданына арнайы іссапармен барған облыс әкімі Дархан Сатыбалды медициналық мекеменің ашылу салтанатына қатысып, дәрігерлердің жұмысына сәттілік тіледі.


«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, биыл облысымызда «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында 49 медициналық нысан ел игілігіне тапсырылады. Оның ішінде, 1 дәрігерлік амбулатория және 2 фельдшерлік акушерлік пункт Ордабасы ауданында салынады. 2023 жылы облысымызда 24 медициналық нысанның құрылысы жүргізіліп, оның ішінде Ордабасы ауданында 6 ФАП құрылысы аяқталып, қолданысқа берілді. Ордабасы аудандық орталық ауруханасына 3 дана медициналық жедел-жәрдем автокөлігі, 1 дана ангиографиялық жүйе, 1 дана видеогостроскопиялық жиынтық және 1 дана эксперттік ультрадыбыстық зерттеу (УЗИ) аппараты берілді. Сонымен бірге медицина саласына жеке инвесторлардың үлес қосуы да қуантады. Біз инвесторларға қолдау көрсетеміз. Биыл аталған жұмыстар жалғасын табады. Сіздерді тағы да құттықтай отырып, «ROLLAN MED» жекеменшік медициналық орталығының жұмысына сәттілік тілеймін. Медициналық мекеменің дәрігерлері ауыл тұрғындарына сапалы медициналық қызметтер көрсетеді деп сенемін», – деді Дархан Сатыбалды.


Жоба құны 1 млрд. тенгені құрайтын медициналық орталықтың 1 күнде 200 адамды қабылдауға мүмкіндігі бар. Мұнда 60 адам жұмыспен қамтылған. Орталықта тұрғындардың ем алуына барлық мүмкіндік жасалған.


Айта кетейік, 2023 жылы облыстағы медициналық ұйымдарға 800-ге жуық медициналық құрал-жабдық сатып алынды. Сонымен қатар жедел жәрдем қызметіне 75 дана санитарлық автокөлік берілді. Ауыр медициналық техникадан 4 дана компьютерлік томограф, 2 дана ангиографиялық жүйе, 4 дана видеогостроскопиялық жиынтық, 1 дана видеоэндоскопиялық жиынтық және 17 дана УЗИ аппараты сатып алынған.