Түркістан облысында заңсыз айналымнан 36 бірлік қару алынды

0
1 292

«Қару» жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында тәркіленген.


Түркістан облысында заңсыз айналымнан 36 бірлік қару алынды

Түркістан облысы аумағында 22 мен 26 шілде аралығында «Қару» жедел-профилактикалық іс-шарасы өтуде, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Іс-шараны өткізудің басты мақсаты - облыс аумағында қаруды, оқ-дәрілерді, жарылғыш заттар мен жару қондырғыларын заңсыз дайындау және заңсыз айналымымен айналысатын тұлғалар мен ұйымдасқан қылмыстық топтарды анықтау, отты атыс қарумен және жарылғыш қопарғыш заттармен жасалатын қылмыстардың алдын-алу, ескерту және оларды ашу болып табылады. Іс-шараның 4 күндік қорытындысы, яғни 22-25 шілде аралығында заңсыз айналымнан 36 бірлік қару алынды. Оның ішінде 27 данасы тәркіленіп, 9 бірлік заңсыз сақтаудағы қару ерікті тапсырылды.

Облыс аумағында 4,500 мыңнан астам қару иелері тексеріліп, оларға қатысты 192 әкімшілік құқықбұзушылық анықталған. Аталмыш акцияның аясында болған бірқатар жайттарға тоқталып өтер болсақ, «Қару» жедел-профилактикалық іс-шарасын өткізу барысында Сарыағаш АПБ тәртіп сақшылары жергілікті жердің тұрғыны өзінің көлігінде заңсыз 9-калибрлі травматикалық тапаншасын сақтағаны анықталды. Оған қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 287-бабы «Қаруды, оқ-дәрiлердi, жарылғыш заттарды және жарылыс құрылғыларын заңсыз иемдену, беру, өткiзу, сақтау, тасымалдау немесе алып жүру» бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Сонымен қатар Арыс ауданының жергілікті тұрғынынан еш жерде тіркелмеген 20 калибрлі аңшы мылтығы, Созақ ауданының тұрғынынан тегіс ұңғылы аңшы қаруы, ал Бәйдібек ауданынан 1 адамнан екі бірдей қару тәркіленіп алынды.

Қазіргі таңда үш ауданның азаматтарына қатысты ӘҚБтК-нің 482-бабына «Жеке және заңды тұлғалардың қаруды заңсыз иеленіп алуы, беруі, өткізуі, сақтауы, алып жүруi, тасымалдауы» сәйкес бірқатар хаттамалар толтырылды. Сондай-ақ, полиция қызметкерлері заңсыз сақталған атыс қаруларын ерікті түрде өткізген жағдайда әкімшілік, қылмыстық жауапкершілікке тартылмайтынын ескертеді.