Биыл біріңғай жинақтаушы зейнетақы қорына 20 жыл толып отыр.
Түркістан облысы бойынша салымшылардың орташа соммасы 1 млн. теңгенің төңірегінде болып отыр, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Бұл туралы «Нұр Отан» партиясының Шымкент қалалық филиалында өткен дөңгелек үстел мәжілісінде қордың өткені сараланып, келешегі бағамдалды.
Отандық жүйенің 20 жыл ішінде жеткен жетістіктері де, кемшіліктері де бар. Ең бастысы – Қордағы қаражаттың сақталуына мемлекет тарапынан кепілдік берілетіндігі – үлкен жетістік. Шара барысында жиын қатысушылары қор қызметкерлеріне сауал жолдап, тұщымды жауап алды.
Бүгінде қордағы жеке зейнетақы шоттарының саны 10 миллион бірліктен, ал зейнетақы жинақтарының сомасы 8 триллион теңгеден асты.
«БЖЗҚ қызметтерінің 80 пайызы қазір қашықтықтан электрондық түрде қолжетімді. Соның арқасында кеңсеге келіп, кезек күтпей-ақ интернет арқылы қызмет алуға болады. Бұл салымшылар мен алымшыларға уақытын үнемдеуге мүмкіндік береді»,- дейді Түркістан облысы бойынша БЖЗҚ АҚ филиалының директоры Самат Байдуанов.
Сала мамандарының айтуынша, базалық зейнетақы 2018 жылдың 1-шілдесінен бастап жинақтаушы зейнетақы жүйесіне қатысу өтіліне байланысты есептеледі. Бұдан шығар қорытынды - бойда қуат, қолда күш бар кезде ертеңгі күнге қомақты қаражат жинай білсеңіз, құрметті демалыста алатын ақшаңыз да қомақты болмақ.