Түркістан облысында жол апаттарының алдын алу жұмыстары күшейтілді

0
571

244 нысан немесе 1100,3 шақырым жолдар мен көшелер тиісті шаралармен қамтылып жатыр.


Түркістан облысында жол апаттарының алдын алу жұмыстары күшейтілді

Түркістан облысында жол-көлік оқиғаларының алдын алу жұмыстары күшейтілді, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


ҚР БП Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің Төрағасы Сабит Нұрлыбайұлының төрағалығымен ведоствоаралық жұмыс тобының отырысы өтті. Жиынға ҚСжАЕК Түркістан облысы бойынша департаментінің бастығы Асқар Сапарғалиев бастаған облыстық ведомствоаралық жұмыс тобының өкілдері онлайн режимде қосылды. Күн тәртібінде жол апаты оқиғаларын төмендету бағытында Жол картасын әзірлеу жұмысы кеңінен талқыланып, жол-көлік оқиғаларын азайту бойынша ұсыныстар айтылды.


Жиын барысында Түркістан облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқарма басшысының орынбасары Джалаиров Мейіржан Түркістан облысында жол-көлік оқиғаларын алдын алу мақсатында 6 айда атқарылған жұмыстардың қорытындысы туралы баяндады. Оның айтуынша, биыл 244 нысан немесе 1100,3 шақырым жолдар мен көшелер тиісті шаралармен қамтылып жатыр. Облыс аумағында жылдамдықты шектейтін 150 дана жол белгісі орнатылуда. Одан бөлек, «Жай жүріңіз!», «Жылдамдықты асырма!», «Үйде бала-шағаң күтіп отыр!» жазбалары бар 11 ескерту бильборды жаңартылды. Мектеп және балабақшалардың алдына 151 жол белгісі орнатылған.


Қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында облыс бойынша жалпы 893 бейнебақылау камерасы бар. Оның ішінде, 449 «Сергек» камерасы орнатылған. 2023 жылы 54 камера орнатылса, осы жылы 50 камера орнату жоспарланып отыр.


Сонымен қатар Түркістан облысы полиция департаментімен облыс аумағында 38 авариялық учаскі анықталған. Оның 13-і республикалық маңызы бар жолдарда болса, 25-і – облыстық маңызы бар жолдарда.


Жиын соңында жол-көлік оқиғаларының алдын алу бойынша бірқатар ұсыныс айтылды. Бұл бағыттағы жұмыстар күшейтіледі.