​Түркістан облысында жол апатынан 3 адам қаза болды

0
1 400

Оқиғаға куә болғандардың айтуынша, «Мazda» жеңіл көлігі «Sang Yong Istana» микроавтобусын артқы жағынан келіп соққан.


​Түркістан облысында жол апатынан 3 адам қаза болды

ERNUR.KZ.Түркістан облысында ірі жол көлік апатынан 15 адам зардап шегіп, 3-i ажал құшты, деп хабарлайды ERNUR.KZ ҚазАқпарат порталына сілтеме жасап.

Жол апаты Қазығұрт ауданындағы Рабат ауылының маңында болған.

Оқиғаға куә болғандардың айтуынша, «Мazda» жеңіл көлігі «Sang Yong Istana» микроавтобусын артқы жағынан келіп соққан. Қатты соққыдан жолаушылар мінген көлік бірнеше рет аударылып түскен. Алдын ала мәлімет бойынша, шағын автобуста 10-нан аса, жеңіл машинада 4 адам болған.

«Мazda»-ның жүргізушісі оқиға орнында қаза тапқан. Тағы бір әйел жедел жәрдем көлігі ішінде жан тәсілім етсе, үшінші әйел ауруханаға жеткен кезде көз жұмған. Өзге ауыр және жеңіл жарақат алғандар Шымкент қаласындағы жедел жәрдем ауруханасына жеткізілді.

«Үш науқас аурухананың жансақтау бөліміне жатқызылды. Тағы екі жолаушы травматология бөлімшесінде ем қабылдауда. Төрт адамның жарақаттары жеңіл болуына байланысты алғашқы медициналық көмектен кейін үйлеріне қайтарылды», - деді Шымкент қалалық жедел жәрдем ауруханасының қабылдау бөлімінің меңгерушісі міндетін атқарушы Алмас Байбеков.

Қазір қаза болғандардың тұлғалары мен жол апатының себеп-салдары анықталып жатыр.