Түркістан облысында жол қауіпсіздігіне арналған акция өтті

0
550

Акцияда көлік жүргізушілеріне жол қауіпсіздігін және жолда жүру мәдениетін сақтау бойынша түсіндірме жұмыстары жүргізілді.


Түркістан облысында жол қауіпсіздігіне арналған акция өтті

Түркістан облысында «Жолдағы қабылдау» атты акция ұйымдастырылды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының өңірде автомобиль жолдарындағы қауіпсіздікті арттыру жөніндегі тапсырмасына сәйкес, «Жолдағы қабылдау» атты акция ұйымдастырылды. Іс-шара Ордабасы ауданы, Б.Исаханов елді мекенінің тұсындағы облыстық маңызы бар автомобиль жолдарының қиылысында өтті. Акцияда көлік жүргізушілеріне жол қауіпсіздігін және жолда жүру мәдениетін сақтау бойынша түсіндірме жұмыстары жүргізілді.


Түркістан облысының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының бас маманы Әлмұхаммет Сейдмұхтардың айтуынша, жол ережесін бұзуға алып келетін негізгі факторлар - көлік жүргізушілерінің жылдамдықты шамадан тыс асыруы, мас халде көлік жүргізуі. Одан бөлек, қауіпсіздік белдіктерін тақпай жол жүру, қарама-қарсы жолаққа өту және ақаулы техникалық жағдайда автокөлікті басқару екендігін атап өтті. Айта кетерлігі, облыс аумағында биыл 8 айда 486 жол-көлік оқиғасы орын алған. Оның ішінде 609 адам зардап шегіп, 182 адам қаза тапқан.


«Бүгінгі өтіп жатқан «Жолдағы қабылдау» акциясының негізгі мақсаты - көлік жүргізушілерінің жол қауіпсіздігін және жолда жүру мәдениетін сақтау, жол-көлік оқиғаларының алдын алу. Бұндай іс шаралар жыл соңына дейін өңірдегі барлық аудандарда өз жалғасын табатын болады. Қазір облыстық маңызы бар автомобиль жолдарына зерделеу жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде облыс аумағындағы елді мекендер мен мектептердің алдына 54 дана «Сергек» камералары мен мектеп және балабақшалардың алдына 42 жерге жасанды жол кедергілері орнатылды. Сондай-ақ, тиісті жол таңбалары сызылды. Бұдан бөлек, облыстық маңызы бар автомобиль жолдарының бойына 1 532 дана жаңа жол белгілері, 30 дана жарықдиодты маркерлер орнатылды. Сонымен қатар, 1 579 дана ескірген жол белгілері жаңартылды»,- деді ол.


Биыл облыста автомобиль жолдарын күтіп ұстау жұмыстары есебінен облыстық маңызы бар жолдар бойында 17 230 шаршы метр шұңқырларды жамау жұмыстары жүргізілген. Айта кетсек, Түркістан облысы аумағындағы жалпы пайдаланымдағы жолдар мен елді мекен көшелерінің жалпы ұзындығы - 17 459,34 шақырымды құрайды. Оның ішінде республикалық маңызы бар жолдар – 723,1 шақырым, облыстық маңызы бар жолдар – 3 983,34 шақырым, аудандық маңызы бар жолдар – 1 727,2 шақырым, елді мекен көшелері - 11 025,7 шақырым.