Түркістан облысындағы кітапханаларға 200 мыңға жуық оқырман келген

0
165

Кітап қорының жалпы саны 6 миллионнан асады.


Түркістан облысындағы кітапханаларға 200 мыңға жуық оқырман келген

Түркістан облысындағы кітапханаларға келген оқырман саны 200 мыңнан асты, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Түркістан облыстық «Фараб» әмбебап ғылыми кітапханасы өңірдегі ірі рухани-мәдени орталықтардың біріне айналды. Кітапханада «Атамұра» қолөнер үйірмесі, «Сандық» шеберханасы, «Фараб» кинозалы, 400 орындық концерттік зал және подкаст жазуға арналған заманауи студия жұмыс істейді. Бұл туралы өткен брифингте облыстық «Фараб» әмбебап ғылыми кітапханасының басшысы Жанат Шардарбекова мәлімдеді.

«Бүгінде Түркістан облысында 390 мемлекеттік кітапхана халыққа қызмет көрсетеді. Кітап қорының жалпы саны 6 миллионнан асады. Жыл басынан бері кітапханаларға 181 728 оқырман тіркеліп, оларға 3 миллионға жуық кітап берілген. Сонымен қатар, облыстағы кітапханаларда 5 447 мәдени-көпшілік іс-шара ұйымдастырылып, оған 151 832 адам қатысқан. Одан бөлек, кітапхана Түркістан қаласы бойынша 9 жылжымалы кітапхана пунктерінде халыққа қызмет көрсетеду. Олар әкімдік, сауда орталығы, жастар орталығы, әскери бөлім, аурухана және оңалту орталықтары сияқты қоғамдық орындарда орналасқан. Кітапхана қоғамның түрлі санаттарына рухани қолдау көрсету бағытында да белсенді жұмыс атқаруда. Атап айтқанда, Төлеби ауданындағы №55 түзету мекемесіне 488 дана кітап сыйға тартылып, сотталған азаматтарды кітап оқуға баулу жобасы жүзеге асырылуда»-деді мекеме басшысы.

Түркістан қаласындағы 38 білім беру ұйымымен ынтымақтастық орнатылып, кітап оқу мәдениетін дамыту бағытында бірлескен жобалар жүргізілуде. Кітапхана «Бір ел – бір кітап» акциясы, «Түркістанның таңдаулы туындысы» жобасы, «Мұқағали оқулары», «Өнегелі өмір – өшпес мұра» байқауы және «Ақылдыммен ақылдымын» республикалық балалар байқауы секілді мәдени-ағартушылық жобаларды тұрақты өткізіп келеді.

Сондай-ақ, 2027 жылға арналған «Оқитын ұрпақ – зерделі ұлт» жобасы аясында оқу марафондары, әдеби-танымдық байқаулар мен электронды тестілеу жобаларын өткізу жоспарланған. Жобаның мақсаты – жастардың кітапқа қызығушылығын арттыру, ойлау қабілетін дамыту және қоғамда тұрақты кітап оқу мәдениетін қалыптастыру.

Бөлісу