Түркістан облысының әкімі Молдова Республикасының елшісімен кездесті

0
66

Молдова елшісі қос ел арасындағы серіктестік қарым-қатынасты нығайтуға күш салатынын жеткізді.


Түркістан облысының әкімі Молдова Республикасының елшісімен кездесті

Түркістан облысының әкімі Молдова Республикасының елшісімен кездесті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров Молдова Республикасының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Штефан Гордамен кездесу өткізді. Тараптар Түркістан облысы мен Молдова Республикасының өңірлері арасындағы сауда-экономикалық, инвестициялық байланыстарды нығайту, әріптестік орнату жолдарын талқылады.


Түркістан облысына жұмыс сапарымен келген елші өңірдің бай тарихы мен мәдени мұрасы мен облыс орталығының бірегей көрінісіне тоқталып, алған әсерімен бөлісті. Айта кетейік, Штефан Горда – Астана қаласында өзінің дипломатиялық өкілеттігін бастаған Молдова Республикасының еліміздегі алғашқы елшісі.


Кездесу барысында облыс әкімі мәртебелі мейманға Түркістанның тарихы және экономикалық рөлі, инвестициялық әлеуеті мен ынтымақтастықтың басым бағыттарымен таныстырды. Сонымен қатар екіжақты байланысты орнатуға және тікелей өңіраралық қарым-қатынасты нығайтуға мүдделі екенін атап өтті.


Тараптар экономика, агроөнеркәсіп кешені, білім беру, туризм және мәдениет саласында тәжірибе алмасу салаларындағы өзара ынтымақтастықтың болашағын талқылады. Сондай-ақ кездесуде бірлескен жобалар мен бастамаларды іске асыру мүмкіндіктеріне ерекше назар аударылды.


Молдова елшісі қос ел арасындағы серіктестік қарым-қатынасты нығайтуға күш салатынын жеткізді. Ол Түркістан облысының әлеуетін жоғары бағалап, молдовалық тараптың нақты ынтымақтастық орнатуға қызығушылық танытып отырғанын атап өтті.


Кездесу қорытындысы бойынша тараптар тұрақты байланыс орнатып, жақын арада нақты бірлескен бастамаларды қарастыруға уағдаласты.

Бөлісу