Бұл әртүрлі диагнозы бар 3 жастан 18 жасқа дейінгі балаларды қамтуға мүмкіндік береді.
Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров Сарыағаш ауданына жұмыс сапары барысында былтыр пайдалануға берілген аралас үлгідегі «Ainala» оңалту орталығына барды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Өңір басшысы мекеменің қызметімен танысып, дәрігерлермен және сала мамандарымен пікір алмасты.
Өңір басшысы орталықта ем қабылдап, оңалту және даму процедураларынан өтіп жатқан балалардың жағдайын көрді. Сонымен қатар бүлдіршіндердің өнерін тамашалап, олардың жетістіктеріне оң бағасын берді.
Аталған әлеуметтік нысан «Самұрық-Қазына» АҚ-ның бірыңғай қайырымдылық операторы – «Samruk-Kazyna Trust» қорының қаржыландыруымен және «Baquatty Aimaq Qory» қоғамдық қорымен бірлесіп жүзеге асырылған жоба аясында ашылған.
«Ainala» оңалту орталығының басты ерекшелігі – оның аралас форматта жұмыс істеуі. Бұл әртүрлі диагнозы бар 3 жастан 18 жасқа дейінгі балаларды қамтуға мүмкіндік береді. Орталықта тек медициналық оңалту қызметтері ғана емес, ерте араласу, әлеуметтік бейімдеу және әлеуметтендіру бағытында да кешенді қолдау көрсетіледі.
50 балаға арналған мекеме ерекше қажеттілігі бар балалардың өмір сапасын жақсартуға, олардың әлеуетін ашуға және қоғамға бейімделуіне ықпал етеді.


