Күрделі операция 5 сағатқа созылған.
Түркістан облыстық балалар ауруханасында нәрестенің жүрегіне ота жасалды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Нәрестенің туылғанына небәрі төрт күн болған. Бірақ жүректің қолқа доғасының ақауымен дүниеге келген сәби өміріне алғашқы күндерінен қауіп төнген. Бұл диагноз жүректің ең ауыр ақауы болып саналады. Өмірі қыл үстінде тұрған кішкентай Софияны Шымкент қалалық перзентханадан облыстық балалар ауруханасына шұғыл түрде санитарлық авиациямен жеткізуге тура келген. Дәрігерлер тез арада нәрестеге ота жасауға кіріседі. Күрделі операция 5 сағатқа созылған. Бір жетіге таяғанда кеуде қуысы жабылып, бала аман қалды.
Қазіргі уақытта сәбидің денсаулығы жақсарып, кардиохирургия бөліміне ауыстырылған. Жүректің қолқа доғасының ақауына ота жасалмаған жағдайда, бала қан айналымы жүрмей екі аптаға жетер-жетпес бақилық болатын көрінеді. Сол себепті дер кезінде дәрігерлік көмек көрсету аса маңызды.
Жалпы, Түркістан облыстық балалар ауруханасының кардиохирургия бөлімшесінде жыл сайын сәбилердің ашық жүрегінде 250 ота жасалынады. Олардың 40% - ы жүрек ақауы бар жаңа туған нәрестелер. Түркістан облыстық балалар ауруханасында дәрігерлердің біліктілігін арттыру мақсатында түрлі оқыту шаралары ұйымдастырылып отырады.
Бас дәрігері Гаухар Үкібаеваның айтуынша, ауруханада күні кеше Триаж жүйесі енгізіліп, шұғыл медициналық көмек тақырыбында қызметкерлеріне арнайы дәріс өткізілген. Балаларға медициналық қызмет көрсетудің сапасы мен қол жетімділігін жақсарту мақсатында қабылдау бөлмесін талапқа сай қайта жаңғырту қарастырылып отыр.