Түркістан облысының Х Азаматтық форумы өтті

0
658

Облысқа бөлінген квота бойынша 5 делегат анықталды.


Түркістан облысының Х Азаматтық форумы өтті

Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында Түркістан облысының Х Азаматтық форумы өтті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Бүгін Түркістан қаласында «Қоғам мен мемлекеттің тұрақты дамуы мүддесіндегі әріптестіктің 30 жылдығы» тақырыбында Түркістан облысының Х Азаматтық форумы болып өтті. Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында өткен дәстүрлі жиынға Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев, облыс әкімінің орынбасары Сәкен Қалқаманов, облыстық мәслихат хатшысы Қайрат Балабиев, «Nur Otan» партиясы Түркістан облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Бейсенбай Тәжібаев және Түркістан облысындағы мемлекеттік органдар мен бизнес-құрылымдардың басшылары, қоғамдық бірлестіктердің көшбасшылары, үкіметтік емес ұйымдар мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.


Жиынды ашып, жүргізіп отырған «Түркістан облысының Азаматтық Альянсы» заңды тұлғалар бірлестігінің президенті Шәріпбек Жамалбек «Үкіметтік емес ұйымдар – мемлекеттің тең құқылы серіктесі. Ішкі саяси тұрақтылықты сақтап қалуда мемлекеттік органдарға азаматтық қоғам институттарының үлкен көмек көрсететінін әлемдік тәжірибе дәлелдеп отыр. Өйткені халықпен етене араласатын үкіметтік емес ұйымдар – қоғамның үнін, тұрғындардың мұң-мұқтажын билік органдарына жеткізе алатын азаматтық институт» деп форумның мақсат-міндеттерімен таныстырды.


Түркістан облысындағы азаматтық қоғамының жұмыстарын саралау, республикалық Х Азаматтық форумға қатысатын делегаттардың тізімін бекіту және «Түркістан облысының Азаматтық альянсы» ЗТБ президентін қайта сайлау мәселелері күн тәртібіне қойылды.


Алғаш болып сөз алған Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев: «Биыл еліміздің Тәуелсіздік мерекесіне 30 жыл толып отыр. Бұл белесті Түркістан өңірі толайым табыстармен қарсы алды. Бұл жетістікке қоғамның барлық мүшелерінің үлесі бар. Үкіметтік емес ұйымдар әр бағыттағы ұстанымдарына қарамастан барлығы бір мақсат, бір мүдде жолында әрекет етуі тиіс. Ол – Қазақстанның тұрақтылығы, елдің барлық бағытта дамуы. Азаматтық қоғам институттары мен мемлекеттік құрылымдардың бірлескен үйлесімді жұмысының нәтижесінде біз тәуелсіздіктің жетістіктерін жетілдіре түсерімізге сенімдімін» деп азаматтық қоғамды дамыту бағытындағы атқарылып жатқан жұмыстар барысын баяндады.


Жиында «Шапағат» мүгедектердің қайырымдылық қоры қоғамдық бірлестігінің төрағасы Шалтан Еркінбай, «Generation» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Голярко Владислав, «Түркістан облысы ата-аналар қауымдастығы» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Ақбаян Жақыпова, «Береке» қоғамдық бірлестігінің жоба үйлестірушісі Гүлсім Андабаева өз сөздерінде өңірдегі азаматтық қоғамды қалыптастыру бағытындағы ой-пікір, ұсыныстарын ортаға салды. Сондай-ақ форум аясында 2021 жылғы 22-26 қараша күндері Алматы қаласында өтетін республикалық Х Азаматтық форумға қатысатын делегаттардың құрамы анықталып, облысқа бөлінген квота бойынша 5 делегат анықталды.


Күн тәртібіндегі келесі мәселе бойынша «Түркістан облысының Азаматтық альянсы» заңды тұлғалар бірлестігінің президенті Шәріпбек Жамалбектің облыстық қоғамдық кеңестің төрағалығына ауысуына байланысты бұл лауазымға облыстық мәслихат депутаты Инара Намазбаеваның кандидатурасы ұсынылып, бірауыздан қолдау тапты.


Сондай-ақ, жиында «Ең үздік ҮЕҰ» байқауының жеңімпаздары, әлеуметтік идеялар мен жобалар жәрмеңкесінің үздіктері марапатталды. Елдің ынтымағы мен бірлігін сақтауға үлес қосып жүрген бірқатар белсенді үкіметтік емес ұйым өкілдеріне Түркістан облыстық мәслихатының хатшысы Қайрат Балабиевтің марапаттары табысталды.


Сонымен қатар, форум аясында «Аудандық ақпараттық-ресурстық орталықтарының жұмыс істеу стандарттары» және «Жергілікті өзін-өзі басқарудағы азаматтық қоғамның рөлі», «Әлеуметтік мәселелердің инновациялық шешімдері/Азаматтық қоғам дамуындағы инновация», «Жергілікті билік органдары мен ҮЕҰ арасындағы өзара іс-қимыл механизмдері» тақырыптарында пленарлық секциялар өтті. Өткір пікірлер айтылды. Секциялар барысында қатысушылар тарапынан түскен ұсыныстар алдағы уақытта Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігіне жолданатын болады.