Түркістан облысының туристік әлеуетін көтеретін жаңа жобалар қаралды

0
55

Кеңес жұмысына сала басшылары, жауапты басқарма өкілдері мен инвесторлар қатысты.


Түркістан облысының туристік әлеуетін көтеретін жаңа жобалар қаралды

Түркістан облысының туристік әлеуетін көтеретін жаңа сәулеттік жобаларды жүзеге асыру жолдары қаралды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен сәулеттік жобалар жөніндегі кеңестің кезекті мәжілісі өтті. Кеңес жұмысына сала басшылары, жауапты басқарма өкілдері мен инвесторлар қатысты. Өңір басшысы әрбір жобаны егжей-тегжейлі сараптап, сарапшылардың ұсыныстары мен пікірлерін тыңдады.


– Арнайы экономикалық аймақта салуға ұсынылған жобаларды қолдаймыз. Бірақ жауапты басқарма мен мамандардың сараптауынан өтуі тиіс. Егер құрылыс уақтылы басталмаса, жер қайтарып алынады. Аудандардың сәулетін жақсарту, абаттандыру жайлы кеңістік қалыптастыру бағытындағы ұсыныстарды да терең талдап, уақтылы жүзеге асыруды тапсырамын, – деді Нұралхан Көшеров.


Күн тәртібіне өңірдің сәулеттік келбетін дамытуға бағытталған 13 мәселе шығарылды. Атап айтқанда, Сарыағаш ауданы көшелерін және «Рамадан» каналы бойын абаттандыру жобалары, Көктерек кентінің даму концепциясы мен санаторий орталығының жобасы қаралды. Сондай-ақ Отырар ауданының сәулеттік келбеті мен инвестор есебінен салынуы жоспарланған кешенді жоба қаралды. Оның ішінде Отырар қалашығын орта ғасырдағы үлгісіне сай етіп салып, туристер тарту жобасы ұсынылды.


Ал тағы бір инвестор Отырар ауданынан шөлдегі қонақүй, қабылдау орталығы, шығыс моншасы мен ежелгі Отырар кітапханасы аңызын жандандырып, кітапхана мен мұражай салып, арнайы туристік орталық ұйымдастыру жобасын жүзеге асыруға ниет білдірді. Сонымен бірге Отырар мен Сауран арасында саяхатшылар үшін түйе керуенін үйлестіру жоспарын да баяндады. Бұл жоба зерделеніп, жүзеге асыру бойынша тиісті жұмыстар жүргізілмек.


Сонымен қатар Түркістандағы «Жаңа қала» аумағында салынатын ресторан, кеңсе ғимараттары, ресторан кешені мен қонақүй жобалары, медициналық туризм нысаны, Түркістан қаласындағы «қала ішіндегі қала» ұсынысы назарға алынды. Оған қоса Түркістандағы теміржол вокзалы аумағын абаттандыру және 20 ғасырға тесілі көне ғимараттарын реттеп, туристік орталықтарға айналдыру мәселесі де сөз болды.


Күн тәртібіндегі мәселелер бойынша Сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Қуаныш Асанов, «Turan» арнайы экономикалық аймағы» АҚ басқарма төрағасының міндетін атқарушы Жасұлан Төлебаев ұсынылған жобаларға қатысты ақпарат беріп, инвестициялық әлеуеті мен қала инфрақұрылымына ықпалына назар аударды. Сонымен бірге Түркістан қаласы әкімінің орынбасары Әбілсейіт Рабаев баяндама жасап, қалалық кеңістікті кешенді дамыту бағытындағы ұсыныстарды таныстырды.


Мәжіліс қорытындысында облыс әкімі Нұралхан Көшеров әрбір жобаға қатысты нақты тапсырмалар беріп, сәулеттік талаптардың сақталуына, заманауи және ұлттық нақыштың үйлесуіне, тұрғындар үшін қолайлы әрі сапалы орта қалыптастыруға ерекше мән беру қажеттігін атап өтті.

Бөлісу