Үйінен 15 шақырым жерге дейін кетіп қалған.
Түркістанда үйінің ауласында ойнап жүріп адасып кеткен апалы-інілі бүлдіршіндер табылды, - деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Түркістан облысының полицейлері үйінен 15 шақырым жерге дейін кетіп қалған қос бүлдіршінді тапты. Облыстық полиция департаментінің мәлімдеуінше, Түркістан ҚПБ-ның қызметкері, полиция капитаны Марат Омаров өз міндетін атқару кезінде, жол бойында адасып, жылап тұрған қос бүлдіршінді байқайды.
Тәртіп сақшысы небары 7 және 3 жастағы балалардың жанына келіп, олардан тұрғылықты мекенжайлары мен қандай да бір мәлімет білуге тырысады. Бірақ жылағаннан әбден шаршаған балалар үрейленіп, нақты мәлімет бере алмайды. Балалардың адасып кеткенін түсінген тәртіп сақшысы оларды Түркістан қалалық полиция басқармасына жеткізеді. Ол жерде тамақтандырып, арнайы психолог мамандарымен бірге әңгімеге тартып, жұбатады.
Осыдан соң барша жергілікті полиция қызметінің полицейлеріне хабар беріліп, бүлдіршіндердің суреті жолданып, ата-анасын іздестіре бастайды. Осылайша бірнеше сағаттың ішінде балалардың жақындары анықталды. Олар полицияға арызданбастан, балаларын өз бетінше іздестірген. Белгілі болғандай, бүлдіршіндер ойнап жүріп, адасып, үйінен 15 шақырым жерге дейін алыстап кеткен. Полицейлер олардың іздеп жүрген қос бүлдіршіндерінің табылғанын айтқанда, анасы қуанып, полиция қызметкерлеріне ризашылығын жеткізді.
«Ұлым мен қызым үйден шығып кетіп, жоғалып қалған еді. Түркістан қалалық полиция қызметкерлеріне көп-көп рақмет. Алла разы болсын, өз жұмысына адал жандар», -деп жүрекжарды сөзін арнады.
Түркістан облысының полицейлері барша азаматтарға балаларға абай болып, сыртқа ойнауға шыққанда қараусыз қалдырмау керектігін ескертеді.