«Оқушылар сарайы» - ЮНЕСКО клубы мен бірнеше мекеме арасында өзара ынтымақтастық меморандумына қол қойылған.
Түркістан «Оқушылар сарайында» 1200-ден астам оқушы тәлім алып келеді, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Түркістан облыс орталығы болғалы бері қала аумағында көптеген нысандар бой көтеріп, жемісті жұмыс істеп келеді. Солардың бірі – бірнеше жылдың ішінде ЮНСКО клубтарының қатарына еніп үлгерген «Оқушылар сарайы». Қазіргі таңда бұл мекемеде 6 бағыт бойынша 60-қа жуық үйірме жұмыс істеп, 1200-ден астам 3 жастан 18 жасқа дейінгі балалар, студенттер мен ересектер қосымша білім алуда. Осы және «Балалар жылында» атқарылған өзге де жұмыстар бойынша мекеме директоры Индира Икапова өңірлік коммуникация қызметінде өткен баспасөз жиынында айтып берді.
Индира Сарқытқызының айтуынша, өткен жылы «Оқушылар сарайы» - ЮНЕСКО клубы мен бірнеше мекеме арасында өзара ынтымақтастық меморандумына қол қойылған. Ол келісімдер кәдеге жарап та жатқан көрінеді. Мәселен, Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ, Халықаралық туризм және меймандостық университеті, М.Ауезов атындағы ОҚУ және Тұран-Астана университетімен өзара ынтымақтастық аясында былтыр өнерлі жас, бармақтар, өлкетану, хореография, жас Дарын, мәдени-тынығу жұмысы, бейнелеу өнері, сән, интерьер дизайны және өнеркәсіптік дизайн, дизайн, сәндік өнер және этнодизайн бағыттары бойынша Республикалық «JAS TALANT» онлайн конкурсы өткізілген. Оған еліміздегі білім беру мекемелерінің бітіруші оқушылары мен бітіруші колледж студенттері қатысып, 4 Жоғарғы оқу орны бөлген 30 грантты сарапқа салған. Республикалық деңгейде өткізілген бұл жобаға қатысу бойынша 70-ке жуық өтініш түсіп, додаға түскен үміткерлердің 21-і грант иегері атанған.
«Сонымен қатар, «Оқушылар сарайы» - ЮНЕСКО клубына қарасты тігін шеберханасындағы «Киім моделін жобалау» үйірмесінде ересектерге арналған «Ісмер ана» жобасы қолға алынған болатын. Жобаның мақсаты – үйінде жұмыссыз отырған көпбалалы аналарға бос уақытын тиімді пайдалануға мүмкіндік жасау және қыз-келіншектердің қоғамдағы мәртебесін арттыру. Аталған курста толық білім алған аналар «Оқушылар сарайы» мен Түркістаноблысының кәсіпкерлік палатасы арасындағы меморандум арқылы сертификат алып, өз кәсіптерін жалғастыра алады. Қазіргі таңда бұл жоба кеңінен қолдау тауып, өңірдегі аудан, қалаларда «Ісмер ана» жобасының филиалдарын ашу жоспарланып отыр. Көпшіліктің сұранысына ие болып отырған тағы бір жобамыз – "Qumyra" жобасы. Онда сазбалшықтан құмыра жасау бойынша шеберлік сабағы жүргізіледі. Қазіргі таңда қала тұрғындары мен қонақтары осында құмыра жасап, суретке түсіп, сұранысты арттырып жатыр», - деді мекеме директоры.