Балаларды қорғау күніне арналған .
Түркістан Оқушылар сарайында «Бақытты балалар – бейбіт елдің тірегі» атты концерт өтті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Бүгін Түркістан Оқушылар сарайында 1 маусым Балаларды қорғау күніне арналған «Бақытты балалар – бейбіт елдің тірегі» атты концерт өтті. Әрі бұл кеш шығармашылық және өнер бөлімдерінің есеп беру кеші болды.
Таңнан келген бүлдіршіндер мен ата-аналар алдымен «Өнер» бөлімі үйірмелерінің қатысушыларының қолынан шыққан туындылардың көрмесін тамашалады. Ағаштан қашалған аспаптар, ермексаздан туған ерекше дүниелер, жіптен иірген сөмкелер мен бұйымдық заттар көздің жауын алып, келушілерді тамсандырмай қоймады.
«Түркістан күн сайын көркейіп, жаңа мүмкіндіктерді де арттыруда. Екі жыл бұрын ғана ойға да келмейтін дүниелер қазір Түркістанның көркін ашып, дамуына ықпал етіп отыр. Осы тұрғыда Оқушылар Сарайы да біздің болашағымыз яғни кішкентайларымыздың өсетін, дамитын ордасы», - деп атап өтті аталмыш мерекеге арнайы қатысқан Түркістан облысы әкімінің орынбасары Сәкен Амангелдіұлы .
Әріқарай кеш «Шығармашалық» бөлімнің концертімен жалғасты. Алдымен кішкентай бүлдіршіндердің жанды дауыстағы «Әр қашан күн сөнбесін» әні қонақтардың жүрегін елжіретіп, еркін әлемге баурап алып кетті. Одан кейінгі «Сатираның» балапандары бір қойылымда түрлі күй сыйлап, көрерменін баурап алды. Көптің көңілінен шыққан «Тұмар» домбырашылар ансамблінің халық күйі «Нәр ағашы», халық әндерімен жалғасын тапты. Бұл кеште Оқушылар сарайының өнерпаздары тек қазақ тілінде ғана емес өзге тілдерде де өнер көрсетіп, классикамен сусындатты.
Түркістан Оқушылар сарайы директоры Индира Сарқытқызының айтуынша, мұндай концерттер жүйелі түрде әр маусымда өткізіліп тұрады. Өйткені ол атқарылған жұмыстардың есебі іспеттес. Сондай-ақ болашақ өнерпаздарды сахнаға баулу, үлкен өнерге дайындау.
Концерт барысында оқушылар өнерлерімен қатар ата-аналарға деген ыстық ықыластарын да көрсетті. Мұндай тосын сыйға риза болған олар концерттен қуанышты күймен тарқасты.