Қауымдастықтың төрағасы оңтүстік өңірде атқарылған жұмыстарға жоғары баға берді.
Түркістан облысында олимпиадалық емес спорт түрлері қарқынды дамуда, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Шымкент қаласында Жауынгерлік өнер қауымдастығы мүшелерінің кездесуі өтті. Спорт саласын дамыту мақсатындағы басқосуда оңтүстік өңірдегі спорт хақында сөз болды. Жиында Шымкент және Түркістан облысы аумағында Олимпиадалық емес спорт түрлерінің даму қарқыны баяндалды.
Облыста қазіргі таңда республикалық ассоциация құрамына кіретін 26 федерацияның аккредиттелген 10 федерациясы жұмысын жүргізуде. Аталған федерацияларда 15 спорт түрінен 227 жаттықтырушы қызмет етіп келеді.
«Жекпе-жек өнерін жандандыру бағытында спортшылар санын арттыру мен оларға жағдай жасауға қолдау көрсетілуде. Мәселен, былтыр спортшылар 200 дана спорттық киім-кешекпен қамтылды. Жалпы аймақта 3500-ден астам спортшымыз бар. Сайыпқырандар 2 жыл ішінде Әлем және Азия чемпионаттарында 8 алтын, 5 күміс, 10 қола медаль еншіледі. Сонымен қатар, ел біріншіліктерінде 300-ге жуық медальға ие болған»,- деді облыстық Жауынгерлік өнер бірлестігінің басшысы Дәурен Тәңірбергенов.
Ал, Нұр-Сұлтан қаласынан іс-сапармен арнайы келген қауымдастықтың төрағасы оңтүстік өңірде атқарылған жұмыстарға жоғары баға берді. Сондай-ақ, алдағы уақытта Олимпиадалық емес спортты жандандыруға күш салуға тілектестік білдірді. Және де бұл бағытта тиісті сала мамандарын бірлесіп жұмыс жасауға шақырды.