​ТҮРКІСТАН: Өмірзақ Шөкеев италиялық инвесторлармен кездесті

0
908

Отырар ауданында қуаттылығы 50 МВт құрайтын күннен қуат алатын электр стансасының құрылысы жайлы талқыланды.


​ТҮРКІСТАН: Өмірзақ Шөкеев италиялық инвесторлармен кездесті

Түркістан облысы шетелдік инвесторларды көптеп тартуды көздеп отыр, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев италиялық ENI халықаралық энергетикалық корпорациясының еншілес компаниясы «ArmWind» басшыларымен кездесті. Екіжақтық кездесу барысында Отырар ауданында қуаттылығы 50 МВт құрайтын күннен қуат алатын электр стансасының құрылысы жайлы талқыланды.

Шетелдік инвесторлардың айтуынша, келесі жылы басталатын жобаның құрылысы 2021 жылы толық аяқталады деп жоспарлануда. Өз кезегінде облыс әкімі оңтүстік өңірінің ауа-райы жел мен күн электр қуатын өндіруге өте қолайлы екенін атап өтті. Сонымен қатар, екі ел арасында тиімді бірнеше әлеуметтік жобалар мен бірлесе жұмыс істеуді ұсынды.

«Италия – Қазақстанның сенімді серіктес елдердің бірі. Мемлекеттеріміз арасында автокөлік, құрылыс, ауыл шаруашылығы саласында табысты да тиімді қарым-қатынастардың жоғары деңгейіне қол жеткізілгені белгілі. Түркістан облысының да көздеген басым бағыттарының бірі – «жасыл экономика» саласы. Оның үстіне өңірімізде инвесторлар үшін қолайлы жағдайлар жасалған. 2 миллионнан астам халқы бар өңірімізде бұл жоба тиімді болары сөзсіз», – деді Өмірзақ Шөкеев.

Қазақстанда «ENI» корпорациясының «ArmWind» еншілес компаниясы елімізде жұмыс істеген екі жылдың ішінде жалпы қуаттылығы 150 МВт болатын ірі үш жобаны табысты жүзеге асыруда. Бүгінгі таңда компания жасыл технологияларды қолдана отырып жаңа жобаларды жүзеге асыру арқылы Қазақстан экономикасын декарбонизациялауға сәтті үлес қосуда.

Айта кетейік, 1992 жылдан бастап ENI Қазақстанға 15 млрд. АҚШ доллардан астам инвестиция салған.