Түркістан өңірі 2023 жылды табыспен түйіндеді

0
805

Дархан Сатыбалды еңбегімен дараланған азаматтарды марапаттап, 11 айдағы экономикалық көрсеткіштерге тоқталды.


Түркістан өңірі 2023 жылды табыспен түйіндеді

Түркістан өңірі 2023 жылды толайым табыстармен қорытындылады, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Түркістанда 2023 жыл қорытындыланып, барлық сала бойынша жылдың үздіктері марапатталды. Салтанатты іс-шарада облыс әкімі Дархан Сатыбалды еңбегімен дараланған азаматтарды марапаттап, 11 айдағы экономикалық көрсеткіштерге тоқталды. Бірқатар «сақалды құрылыстың» мәселесі шешілгенін жеткізді.


«Соңғы 10 жыл аралығында құрылысы жүргізіліп, іске қосылмаған 38 табиғи газ нысаны бар еді. Тиісті жұмыстарды жүргізу есебінен биыл 91 мың халық тұратын 26 елді мекенді газға қостық. Бұдан бөлек, биыл 62 нысанның құрылысы аяқталып, қосымша 50 елді мекен табиғи газға қосылуға мүмкіндік алады. Нәтижесінде жалпы газбен қамтылған елді мекендер саны 515-ге жетіп, қамту деңгейі 62 пайызды құрайды. Сарыағаш қаласында 13 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы 2018-2020 жылдары аралығында жүргізіліп, аяқталған. Бірақ кәріз жүйесінің болмауына байланысты, пайдаланбай бос тұрған. Модульдік кәріз жүйесін салу есебінен биыл 585 отбасы баспаналы болды. 2018 жылы облыстың оңтүстік 5 ауданындағы 800 мың тұрғынды сапалы электр қуатымен қамтитын «Қызыләскер» қосалқы станциясының құрылысы басталған. Стратегиялық маңызды нысанның құрылысын таяуда толық аяқтап, өткен аптада пайдалануға тапсырдық. Жалпы облысымызда электр қуатына тапшылық бар, энергияның 80 пайызы сыртқы көздерден тасымалданады. Аталған мәселені шешу үшін «Самұрық-Қазына» қорымен бірлесіп, Сайрам ауданында заманауи бу-газ қондырғы станциясының құрылысы басталды. Биыл қосымша 19 елді мекенге жаңадан ауыз су құбыры салынады. 10 елді мекеннің тозығы жеткен су жүйелері жаңартылуда. Нәтижесінде елді мекендердің қамту деңгейі 88,7 пайызға жетеді. Кентау қаласындағы №5 жылу орталығы 2012 жылдан бері жөндеу көрмей, 85 пайызға тозған. Биыл 4 қазандық ағымдағы жөндеуден өтті. 4,7 шақырым магистралды жылу құбыры қайта жаңартылды Мемлекет басшысы өз Жолдауында көліктік логистиканы дамытуды тапсырған болатын. Осы тапсырма аясында биыл қараша айында облыс үшін стратегиялық маңызы бар «Дарбаза – Мақтаарал» теміржолының құрылысы басталды», – деді Дархан Сатыбалды.


Облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуына тоқталатын болсақ, биыл 11 айда оң өсім сақталды. Жалпы өңірлік өнім көлемін 3 трлн. теңгеден асты. Жыл қорытындысымен 3,8 трлн. теңгеге жетеді деген жоспар бар. Өнеркәсіп өнім көлемі 2,3 пайызға артып, 864 млрд. теңгеге жетті. Өңдеу өнеркәсібінде 17 жоба іске қосылды, 534 жұмыс орны ашылды. Ауыл шаруашылығы саласында 1 трлн. теңгеден астам қаржының өнімі өндіріліп, облыс республикада облыс көш бастады. Жыл басынан салаға 92 млрд. теңге инвестиция тартылды. Егістікті әртараптандыру нәтижесінде көкөніс, бақша дақылдарынан рекордтық 3,3 млн. тонна өнім жиналды.


Ауыл шаруашылығы өнімдерін сақтау қуаттылықтарын арттыру мақсатында Сауран ауданында 1 гектар аумақта көкөніс сақтау қоймасының құрылысы басталды. Келесі жылы пайдалануға тапсырылады. Жылыжайлардың жалпы көлемі 1 640 гектарға жетіп, 140 мың тонна өнім жиналды. Жылыжай шаруашылықтарын қолдау мәселесі Үкімет алдында көтеріліп, нәтижесінде жылыту шығындарын субсидиялау ережесі бекітілді. Осы мақсатқа биыл 500 млн. теңге бөлінді. Сондай-ақ жылыжайларды бір орталықтан көмірмен қамтамасыз ету үшін арнайы кооператив құрылып, көмір өндірушілерден тікелей тасымалдау келісілді. Мал басы және өнімділігі орташа есеппен 5 пайызға өсуде. Ет экспорты бойынша облыс республикада алдыңғы орында.


Биыл 335 мың гектар жайылым жер мемлекет меншігіне қайтарылып, жоспар толық орындалды. Президент тапсырмасына сәйкес, ауыл халқының жағдайын жақсарту мақсатында биыл «Ауыл аманаты» жобасы 6 бағытта іске асырылып жатыр. Бұл мақсатқа 19,8 млрд. теңге бөлініп, 3220 жоба қаржыландырылды. Пилоттық жобаға 64 ауылдық округ белгіленіп, 75 жаңа кооператив ұйымдастырылды. Жобаны іске асыру нәтижесінде 3517 жаңа жұмыс орны ашылды.


Облыс экономикасына 848 млрд. теңге инвестиция тартылып, көлемі 1,4 есеге артты. Жеке инвестиция 1,5 есе артып, 588,4 млрд. теңгені құрады. 2023 жылы 56 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланған. Бүгінгі таңда 52 жоба іске қосылды. 1785 жұмыс орны ашылды.


Облыста құрылыс жұмыстарының көлемі 278 млрд. теңгені құрады. Жыл басынан 853 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріліп, нәтижесінде 3 мыңға жуық отбасы жаңа пәтерге ие болды. Қосымша осы айдың соңында 199 мың шаршы метрлі 59 тұрғын үй тапсырылады.


Түркістан өңірінің демографиялық өсімі жоғары. Қараша айында өңірімізде тарихи жағдай тіркеліп, еліміздегі 20 миллионыншы тұрғын дүниеге келді.


Осы жылы 110 мыңға жуық адамды жұмыспен қамту шараларымен қамтамасыз ету жоспарланса, бүгіңгі таңға 116 мың жаңа жұмыс орны қалыптасты (76,9 мың тұрақты). Өз ісін ашуға ниетті 1 687 адамға қайтарымсыз грант алған. Сонымен қатар 600-дей жастың жобаларын қаржыландыруға 2,5 пайызбен 3 млрд. теңгеге жуық несие таратылды.


Облыста үш аусымды және апатты мектептердің мәселесі 4 бағытта шешіліп жатыр. Бюджет және «Білім инфрақұрылымын қолдау қоры» арқылы жалпы 35 мектептің құрылысы жүргізілуде (10 300 орын). Жыл соңына дейін 20 мектеп тапсырылады (5 300 орын).


«Жайлы мектеп» жобасы шеңберінде 3 жылда жалпы 63 мектеп салынады (49 мың орын). Биыл 29 мектептің құрылысы басталып, келесі жылы аяқталады. Қалған 34 мектеп 2025 жылы тапсырылады. Жеке инвестиция есебінен 35 мектеп салынды (6 230 орын). Шалғайдағы елді мекендерде тұратын оқушыларды тасымалдау үшін арнайы жабдықталған 101 автобус сатып алынды. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес 1-4 сыныптағы 200 мың оқушыны тегін ыстық тамақпен және мектептердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесі толық шешілді. Биыл бірінші рет осы мақсатта 12 млрд. теңгеден астам қаражат бөлініп отыр. Облыста келесі жылы «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында ауылдарда 49 жаңа медициналық нысан салынады. Биыл 22 денсаулық сақтау нысаны салынуда. Жыл соңына дейін 14 денсаулық сақтау нысаны пайдалануға беріледі.