Түркістан өңіріндегі тарихи орындардың тартымдылығын арттыру ұсынылды

0
484

ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева іссапармен келіп, министрлікке қарасты бірқатар нысанды аралады.


Түркістан өңіріндегі тарихи орындардың тартымдылығын арттыру ұсынылды

Министр Түркістан өңіріндегі тарихи орындардың тартымдылығын арттыруды ұсынды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Түркістан өңіріне ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева іссапармен келіп, министрлікке қарасты бірқатар нысанды аралады. Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев өңірде руханият, мәдениет саласында атқарылып жатқан жұмыстарды баяндады.


Алдымен Отырар ауданына барған министр «Отырар» мемлекеттік археологиялық музей-қорығы» РМҚК құрамындағы Арыстанбаб кесенесіне және Өзбекәлі Жәнібековтың кесенесіне зиярат жасап, «Сапар» орталығындағы туристік орталық жұмысымен танысты. Аудан әкімі Сәкен Сұлтанханов осы саладағы жоспарларды айтты. Былтыр кесенеге 270 мың зиярат етуші келген, ал «Сапар» орталығына 7 мың адам бас сұққан. Зиярат етушілер арасында насихат жұмыстарын жүргізу, орталықты заманауи сұранысқа ие, тартымды ету бойынша тиімді жоба жасауды ұсынды.


Іссапар әрі қарай Ордабасы ауданында жалғасып, министр «Ордабасы» Ұлттық-мәдени қорығына барды. «Ордабасы» – туристерді қызықтыратын нысанның бірі. Алайда қазір онда логистика бойынша бірқатар қиындықтар бар. Дегенмен бұл жерде түрлі фестивальдар, мерекелер өткізуге болады. Аида Ғалымқызы қазір осы сапар орталығына қалың жұртшылықты қалай тарту керектігін ойластырып жатқанын атап өтті. Былтыр мұнда 20 мың адам келген. Аудан әкімі Азат Оралбаевтың ұсыныстары тыңдалды. Алайда инфрақұрылым мәселесі шешімін таппаған. Нақты жобалар жасауды тапсырды.


Министр Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне де келді. Осындағы жұмыс барысын «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығының директоры Мәулен Садықбеков таныстырды. Қазір Қожа Ахмет Яссауи кесенесінде ғылыми зерттеу жұмыстары жүріп жатыр. Өткен жылдың 17 тамызында объектіге сыртқы орта мен климаттық факторлардың әсерін өлшеу датчиктері орнатылды. 2023 жылы 317 млн теңге бөлініп, «Қазреставрация» құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорны жұмыстар жүргізіп жатыр.


«Осы талдаудан кейін қалпына келтіру жұмыстары жалғасады. Өкінішке қарай, Қожа Ахмет Яссауи, Арыстан баб және басқа да тарихи нысандар көпшілік баратын орынға айналғанымен, негізінен тек зиярат жасалады екен. Біз үшін бұл жерлерде ғылыми-тарихи туризмге баса назар аудару маңызды. Келушілер енді бұл орындардан танымдық тұрғыдан ақпарат алатындай тиісті шаралар қабылданатын болады. Мысалы, Арыстан баб кесенесінен бес минут жерде «Отырар» орталығы мен музейі бар екенін көп адамдар біле бермейді. Біздің негізгі жоспар – оны көпшілікке арналған объектіге айналдыру. Ол үшін коллекциялық қорды толықтырып, елшіліктермен жұмыс істеу маңызды», - деді министр.


Наурыз мерекесіне орай кесене жанынан Яссауи мұражайы ашылады. Көпшілік халықтың Түркістан облысының мәдени-тарихи нысандарынан хабардар болуы үшін визит-орталыққа баруы өте маңызды. Келушілер ең әуелі ұлы ойшыл, діни қайраткер туралы көп мағұлмат алып, әрі қарай кесенеге тікелей бара алады. Музей мұрағаттарынан I-XIX ғасырлардағы бай экспонаттар табылған. Олардың ішінде монеталар, кітаптар, ыдыс-аяқтар және тағы құнды дүниелер бар. Мұның бәрі азаматтарға тарихтың таңғажайып әлеміне терең бойлауға мүмкіндік береді.