Өндірілген өнімнің 70 пайызы ішкі нарыққа, қалған 30 пайызы сыртқы экспортқа бағытталады.
Ордабасы ауданында қағаз өнімдерін терең өңдейтін зауыттың құрылысы басталды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров жұмыс сапарымен Ордабасы ауданына барып, Шұбар ауылында орналасқан «QAGAZPROM» ЖШС-нің қағаз және картон қалдықтарын қайта өңдейтін зауыттың капсуласын салу рәсіміне қатысты.
Жобаның инвестициялық құны 1 млрд теңгені құрайды. Нысан 5 гектар аумақта орналасқан. Жоба іске қасқан жағдайда 20 жаңа жұмыс орнын ашу көзделген. Зауыт жылына 5 875 тонна өнім өндіруге қауқарлы. Атап айтсақ, мұнда тәулігіне 190 мың дана жұмыртқа лотогы, стақан ұстағыш және аяқ киім картоны сынды өнімдер шығарылады деп жоспарлануда. Өндірілген өнімнің 70 пайызы ішкі нарыққа, қалған 30 пайызы сыртқы экспортқа бағытталады.
Іс-шара барысында облыс әкімі мұндай ауқымды жобаның өңір экономикасына тың серпін беретінін айтып, аймақ тұрғындарын айтулы күнмен құттықтады.
— Құрметті Ордабасылықтар! Бүгін біз қасиетті Ордабасы жерінде тағы бір маңызды оқиғаның куәсі болып отырмыз. Баршамыз Шұбар ауылындағы «QAGAZPROM» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің макулатура және картон өндірісі зауытының құрылысына капсула салу рәсіміне жиналдық. Бұл – өңіріміздің өндірістік әлеуетін арттырып, экономиканың дамуына жаңа серпін беретін маңызды жоба. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев ел экономикасын әртараптандыруға, өңдеу өнеркәсібін дамытуға және инвестициялық жобаларды қолдауға ерекше мән беріп келеді. Бүгінгі бастама – осы мемлекеттік саясаттың нақты нәтижесі, Үкіметтің қолдауы мен инвесторлардың сенімінің жемісі. Макулатураны қайта өңдеп, картон өнімдерін өндіретін бұл зауыттың маңызы зор. Ол экологиялық мәдениетті қалыптастыруға, қалдықтарды тиімді пайдалануға және импортты алмастыратын өнім шығаруға мүмкіндік береді. Жобаның құны – 1 млрд. теңгені құрап, тәулігіне 190 мың дана дайын өнім шығаруға мүмкіндік береді. Өнімнің 70%-ы ішкі нарыққа, ал 30%-ы экспортқа бағытталатын болады. Біз инвесторлар үшін қолайлы жағдай жасап, өңірдің экономикалық әлеуетін арттыратын бастамаларды әрдайым қолдаймыз. Осы игі жобаның жүзеге асуына үлес қосқан инвесторлар мен атсалып жатқан азаматтарға
алғысымды білдіремін. Жаңа зауыттың құрылысы сәтті аяқталып, ел игілігіне қызмет етсін! Берекесі артып, жұмысы жемісті болсын! — деді облыс басшысы.
Бүгінгі күні нысанда іргетас қалау және қазаншұңқырды дайындау жұмыстары жүргізілуде. Жыл соңына дейін зауыт ғимаратын жеңіл металл конструкциялар мен сэндвич-панельдерден тұрғызу жоспарланған. Қажетті құрал-жабдықтар Қытай елінен әкелінуде.
Жалпы, өңірде экономиканы әртараптандыру, инвестиция тарту және жаңа өндіріс орындарын ашу бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіліп келеді. Облыс көлемінде жаңа жұмыс орындарын құру, жұмыссыздық деңгейін төмендету және экономикалық өсімді қамтамасыз ету бағытында нақты жобалар әзірленіп, тиісті жұмыстар атқарылуда.


