ТҮРКІСТАН: Ордабасыда «Халық әуені» жобасы аясында рухани кеш өтті

0
56

Жобаның басты мақсаты – қазақ халқының бай мәдени мұрасын насихаттап, ұлттық өнерді ел ішінде кеңінен дәріптеу, сондай-ақ өңір тұрғындарының рухани сұранысын қанағаттандыру.


ТҮРКІСТАН: Ордабасыда «Халық әуені» жобасы аясында рухани кеш өтті

Ордабасы ауданында «Халық әуені» жобасы аясында рухани кеш өтті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Ордабасы ауданында ұлттық өнер мен руханиятты дәріптеуге бағытталған «Халық әуені» мәдени жобасы аясында тағылымы мол рухани кеш ұйымдастырылды. Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен және «Қазақстан Халық банкі» АҚ-ның демеушілігімен өткен жоба өнерсүйер қауымға ерекше әсер сыйлады.

Жобаның басты мақсаты – қазақ халқының бай мәдени мұрасын насихаттап, ұлттық өнерді ел ішінде кеңінен дәріптеу, сондай-ақ өңір тұрғындарының рухани сұранысын қанағаттандыру.

Тағылымды кешке Қазақстанның халық әртісі, белгілі композитор Алтынбек Қоразбаев бастаған өнерпаздар арнайы қатысты. Құрметті қонақтарды аудан әкімінің орынбасары Илияс Тұрнияз Темірлан ауылындағы «Этно ауылда» қарсы алып, қазақы дәстүрге сай құрмет көрсетті. Ақ дастарқан жайылып, ұлттық тағамдар ұсынылды. Сонымен қатар өнерпаздар Қажымұқан Мұңайтпасұлының кесенесіне барып, құран бағыштап, музей жұмысымен танысты.

Мерекелік кеш аудандық мәдениет үйінде жалғасын тапты. Кеш барысында қазақтың дәстүрлі әндері мен халық жүрегінен орын алған шығармалар орындалып, көрермендердің зор ықыласына бөленді.

Іс-шарада аудан әкімінің орынбасары сөз сөйлеп, ұлттық өнерді насихаттап жүрген өнер майталмандарына аудан халқы атынан алғыс білдірді. Сонымен қатар қазақ өнерінің көрнекті өкілі Алтынбек Қоразбаевқа құрмет көрсетілді.

Кеш соңында өнерпаздардың әсерлі әндері көрермендердің ыстық ықыласына бөленіп, рухани шара жоғары деңгейде қорытындыланды.

Бөлісу