Соңғы жылдары ауданда табиғи газбен қамту жұмыстары қарқынды жүргізілуде.
Ордабасы ауданына қарасты Шұбар аумағындағы Жусансай ауылы табиғи газға қосылды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Түркістан облысында тұрғындардың тұрмыс сапасын арттыруға бағытталған ауқымды инфрақұрылымдық жобалар жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді. Соның жарқын бір дәлелі – Ордабасы ауданына қарасты Шұбар аумағындағы Жусансай ауылының табиғи газға қосылуы. Осыған орай ауылда салтанатты іс-шара өтіп, тұрғындар көптен күткен қуанышқа бөленді.
Салтанатты шараға аудан әкімі Азат Оралбаев, облыстық мәслихат депутаты Ғани Райымбеков, аудандық мәслихат төрағасы Бақдәулет Жұмабеков, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Бостан Жәкей, ауыл ақсақалдары мен тұрғындар қатысты.
Іс-шара ашылуында аудан әкімі Азат Оралбаев табиғи газдың ауыл өміріндегі маңызына тоқталды. Көгілдір отын – тұрғындардың тұрмысын жеңілдетіп қана қоймай, экологиялық ахуалды жақсартып, ауылдардың әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін беретінін атап өтті. Мәслихат өкілдері мен ардагерлер кеңесінің төрағасы да ел игілігі жолындағы жұмыстардың маңызын айтып, ауыл жұртшылығын құттықтап жылы лебіздерін білдірді. Ал ауылдың ақсақалдары ақ батасын беріп, игі істің берекелі болуын тіледі.
Соңғы жылдары ауданда табиғи газбен қамту жұмыстары қарқынды жүргізілуде. 2023 жылы Қарақұм, Төрткүл, Ынталы, Спатаев, Қызылжар және Елшібек батыр ауылдары табиғи газға қосылды. 2024 жылы Берген, Батыр ата, Қараспан, Бейсен, Мақташы, Ақжол, Бірлік, Жамбыл, Көкарал, Еңбекші, Бөген және Жеңіс ауылдары көгілдір отынның игілігін көрді. 2025 жылы Төреарық, Көлтоған, Көктөбе, Амангелді, Кемер, Шұбар, Береке, Сарытоғай, Тоқсансай, Сарыарық ауылдарына табиғи газ жеткізілді. Нәтижесінде аудандағы 38 елді мекен табиғи газбен қамтылып, бұл көрсеткіш 2023 жылғы 15 пайыздан бүгінде 67 пайызға жетті.
Ал халық тығыз орналасқан Шұбарсу елді мекенін табиғи газбен қамту – аудан үшін аса өзекті мәселе. Бұл бағытта нақты қадамдар жасалуда. Шұбарсуға газ жеткізуші құбырдың құрылысына 2,2 млрд теңге қаржы бөлінді. Жоба облыстық салалық басқарма арқылы 2 кезеңмен жүзеге асырылуда. 2026 жылдың жылыту маусымына дейін Шұбарсу ауылына газ беріледі деп күтілуде.
Сонымен қатар Аққойлы, Ақпан, Нұра, Ордабасы, Мамыр және Қарабастау ауылдарын газдандыру үшін тиісті салалық басқармаға қаржы бөлуге сұраныс жолданды. Ал Бадам, Дербес, Ақбұлақ, Қалаш және Дихан елді мекендерінің газдандыруға қатысты жобалау-сметалық құжаттамалары әзірленуде.


