Жиналған қоқыстарды шығару үшін 5 бірлік арнайы техника жұмылдырылды.
Отырарда «Мөлдір бұлақ» акциясы аясында канал бойы тазартылды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Түркістан облысы, Отырар ауданында Наурыз мейрамы қарсаңында басталған «Мөлдір бұлақ» экологиялық акциясы жалғасын тапты. Наурызнаманың «Тазару күні» аясында өткен шараға аудан басшылығы мен белсенді жастар қатысты.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың халыққа Үндеуіне сәйкес қолға алынған бұл бастама өңірдегі су нысандарын қоқыстан тазартуды көздейді. Отырар ауданындағы тазалық жұмыстарына аудан әкімі Қайрат Жолдыбайұлы бастаған мемлекеттік мекеме қызметкерлері, еріктілер мен ауыл тұрғындары бір кісідей атсалысты.
Арыс және Шәуілдір ауылдарының аумағынан өтетін Ж.Жақсыбаев (Л1) каналының бойындағы күл-қоқыс, арамшөптер мен тұрмыстық қалдықтар толық тазартылып, айнала абаттандырылды. Жиналған қоқыстарды шығару үшін 5 бірлік арнайы техника жұмылдырылды.
Тазалық шарасы барысында аудан әкімі бұл шараның тәрбиелік мәніне ерекше тоқталып өтті. Оның айтуынша, өзен-көлдердің тазалығы – елдің айнасы.
«Таза су – тіршілік көзі» екенін ескерсек, бұл жұмыстар тек бір күндік науқан емес, болашақ ұрпаққа таза табиғи орта қалдыру жолындағы маңызды қадам. Табиғатты аялау – бәрімізге ортақ міндет, – деді ол.
Аудан әкімдігі мен экологиялық ұйымдар өкілдері мұндай игі істердің тұрақты түрде жалғасатынын мәлімдеді. Акцияға қатысушылар барша аудан тұрғындарын қоршаған ортаға ұқыпты қарауға және өз аулалары мен жақын маңдағы су айдындарын таза ұстауға шақырды.
Айта кетейік, Түркістан облысы бойынша «Мөлдір бұлақ» акциясы барлық аудан-қалаларда жоғары деңгейде ұйымдастырылуда.


