Көшет отырғызу жұмыстары кезең-кезеңімен жүзеге асырылады.
Отырарлық тұрғындар ауылдарды көркейту жұмыстарын бастады, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Түркістан облысына қарасты Отырар ауылында тұрғындардың бастамасымен ауылды көркейтуге бағытталған игі шара ұйымдастырылды. Ауыл халқы бірлік пен ұйымшылдықтың жарқын үлгісін көрсетіп, елді мекен аумағындағы бір гектар жерді арнайы қоршап, тұя және қара тал көшеттерін отырғызды.
Бұл бастама ауылдың экологиялық ахуалын жақсартуға, жасыл желек қорын молайтуға, сондай-ақ тұрғындардың қоршаған ортаға деген жауапкершілігін күшейтуге бағытталған. Аталған іс-шара – ауыл халқының туған жерге деген жанашырлығы мен ортақ іске деген ынтымағының айқын көрінісі.
Шара барысында ауыл тұрғындары көгалдандыру және абаттандыру жұмыстары алдағы уақытта да жалғасатынын, отырғызылған көшеттерге тұрақты күтім жасалатынын атап өтті. Сонымен қатар аталған жұмыстар аясында ауылдан шыққан түлектерге арнайы жер телімдері бөлініп, ауылды көркейту мақсатында көшет отырғызу жұмыстары кезең-кезеңімен жүзеге асырылады.
Қарғалы ауыл округінде қолға алынған бұл бастама өзге де елді мекендерге үлгі болмақ. Мұндай игі бастамалар ауылдың көркі мен келбетін арттырып қана қоймай, жас ұрпаққа табиғатты аялаудың өнегелі үлгісін көрсетеді. Ауылды көркейту бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта жүйелі түрде жалғасын табады


