ТҮРКІСТАН: «Өзбекәлі Жәнібеков – ұлттық руханият айнасы» атты конференция өтті

0
676

Өзбекәлі Жәнібековтің туғанына биыл 92 жыл толып отыр.


ТҮРКІСТАН: «Өзбекәлі Жәнібеков – ұлттық руханият айнасы» атты  конференция өтті

Түркістанда «Өзбекәлі Жәнібеков ұлттық руханият айнасы» аттыхалықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Қазақ мәдениетінің, руханиятының қара нары, халқымыздың ұмыт бола бастаған құндылықтарын қайта жаңғыртқан белгілі этнограф, көрнектімемлекет жәнеқоғам қайраткері Өзбекәлі Жәнібековтің туғанына биыл 92 жыл толып отыр. Осы ретте бірер күн бұрын Түркістан қаласындағы Оқушылар сарайында «Өзбекәлі Жәнібеков – ұлттық руханият айнасы» аттыхалықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.


Бұл жиынға ел ғалымдарынан бөлек, Түркия, Қырғызстан, Өзбекстан және Қарақалпақстаннан келген профессорлар, мұғалімдер мен студенттер қатысты. Атап айтар болсақ,Астана қаласы өзбек этномәдени орталығының төрағасы, ҚХА-ның республикалық медиация кеңесінің төрағасы,ҚР Президент жанындағы Ұлттық Құрылтай мүшесі Шерзод Аббозович Пулатов, «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени музей–қорығы Ғылыми зерттеу бөлімінің басшысы Байболов Берік Қыстаубайұлы, Түркістан қалалық Әйелдер алқасытөрайымы Мұстафаева Ұлжан Әбенқызы, Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетіндегі Түрік филологиясы кафедрасының меңгерушісі, ф.ғ.к. Кенан Семиз, Бердақ атындағы Қарақалпақ мәмлекетлик университети инглис тил билими кафедрасы доценті, Филология илимлери бойынша философия докторы PhD Сапарниязов Рустем Шаниязович және тағы да басқа ғалымдар баяндама жасады.


"Мен Өзбекәлі Жәнібековтың өмірімен Астанада қызмет етіп жүрген жылдары танысқан едім. Сол кезде оның қызмет жолындағы жетістіктері мен еңбектеріне тәнті болып, бұл кісінің өмірі әлі де зерттеуді қажет етеді екен деп ойлағанмын. Араға қаншама жыл салып, сол зерттеу маған және менің ұжымыма бұйырғанына қуаныштымын. Қазақтың халық болып сақталуына, оның мұраларының өткен ғасырдағы қиын да, қатыгез саясаттың құрбаны болып кетпеуі үшін ат салысқан тұлғалар жетерлік. Соның бірі – Өзбекәлі Жәнібеков деп білемін. Ондай тұлғаның өмірі бәрімізге үлгі және оны жас буынға насихаттау бізге тиген үлес", - деді конференцияда сөз алған Оқушылар Сарайының директоры Индира Икапова.


Конференцияның мақсаты –Өзбекәлі Жәнібековтың есімі мен ел үшін еткен еңбектерін насихаттап, мұрасын жаңғырту. Тиісінше бұл конференция аясында бірнеше ғылыми жұмыстар жазылып, мақалалар жарық көрген. Ендігі кезекте сол жұмыстар негізінде жинақ шығару жоспарланып отыр.


Өзбекәлі Жәнібеков Оңтүстік Қазақстан облысы, Отырар ауданындағы Сарықамыс ауылында дүниеге келген. Оның балалық шағы қиындыққа толы болса да, ата-анасынан ерте айырылған бала барлық қиындыққа төтеп беріп, Алматыға білім алуға барған. Жастайынан қара жұмысқа үйренген оған алып Алматының қым-қуыт тіршілігі ауырлық салмай, керісінше білім мен мәдениеттің ортасынан бойына мол білім жинап, оны туған жерінің өркендеуі үшін қолдана білген. Тіпті Отырардың отты оғланын көзімен көргендер: «Идеологияның тар шеңберіне сыймаған тұлға» деп суреттеп жатады. Себебі Жәнібеков кеңес билігінің сөзіне қарсы шығудан да, қисынсыз шешімдерді бұзудан да қорықпаған. Осылайша, сол бір салқын кезеңдегі биліктің ұстанымына қарамастан, қазақтың тарихын тереңдете зерттеп, салт-дәстүрді кеңінен насихаттауға күш салған санаулы тұлғаның бірі. Қатігездеу идеологияға қарамастан, Алаш зиялыларының ақталуына атсалысып, қазақтың Наурыз мейрамымен қайта қауышуына үлес қосқан дара тұлға.Ең бастысы – Түркістанның тұмарындай болған Тайқазанды қайтаруға және Қожа Ахмет Яссауи кесенесін қалпына келтіру жұмыстарына бастамашы болған бірден бір жан. Оған қоса мәдениет министрлігіне қызметке барған бойда қазақ даласындағы сәулет ескерткіштеріне ерекше мән беріп, кесенеде жерленген хандар мен сұлтандардың, билер мен батырлардың құлпытастарын музей экспозициясына қойдырған. Атеистік белең алып тұрған шақта Қожа Ахмет Ясауидің мұрасы мен іліміне бетбұрыс жасап,құлпытастарға қашалған араб тіліндегі жазуларды да қазақ тіліне аударуға атсалысқан.