Аталған іс-шаралар партияның сайлауалды бағдарламасында белгіленген міндеттерді іске асыру барысын бақылау және нақты нәтижелермен танысу мақсатында ұйымдастырылды.
Парламент депутаттары Түркістан облысындағы өндірістік және әлеуметтік нысандардың дамуымен танысты, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттары, Парламенттегі «AMANAT» партиясы фракциясының мүшелері – Қайрат Балабиев, Ұласбек Сәдібеков, Темір Қырықбаев, Нұрсұлтан Байтілесов және Ерлан Әбдиев Түркістан облысына жасаған жұмыс сапары аясында Ордабасы ауданына барып, өңірдің өндірістік, аграрлық және әлеуметтік әлеуетін арттыруға бағытталған бірқатар маңызды нысандарды аралады. Аталған іс-шаралар партияның сайлауалды бағдарламасында белгіленген міндеттерді іске асыру барысын бақылау және нақты нәтижелермен танысу мақсатында ұйымдастырылды.
Алдымен халық қалаулылары Ордабасы ауданы, Бадам ауылдық округінде орналасқан «Бадам» индустриалды аймағында жаңадан ашылған «Central Asia Aluminium Company» ЖШС-нің алюминий профильдерін өндіретін кәсіпорнының жұмысымен танысты. Делегация құрамында «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының төрағасы, облыстық мәслихаттағы партиялық фракция жетекшісі Алтынсары Үмбетәлиев, облыстық мәслихат төрағасы Нұралы Әбішов, облыстық мәслихат депутаты Ғани Райымбеков, Ордабасы ауданының әкімінің орынбасары Олжас Болатханұлы, аудандық мәслихат депутаттары, партияның аудандық филиалының төрағасы Алиасқар Бердімұрат, салалық бөлім басшылары, ауыл ақсақалдары, жергілікті кәсіпкерлер болды.
Кәсіпорын Қытайлық инвестордың қатысуымен 2024 жылдың тамыз айында іске қосылып, бүгінде 200 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Жобаның алғашқы кезеңіне салынған инвестиция көлемі 4,4 млрд теңгені құрайды. Өндірісте шығарылатын өнімдердің басым бөлігі экспортқа бағытталған, бұл өңірдің сыртқы экономикалық байланыстарын кеңейтіп, отандық өндірістің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға мүмкіндік береді.
Кәсіпорын бас директоры Сян Гуанжуй зауытта қолданылып жатқан заманауи технологиялар мен өндірістік жоспарлар туралы жан-жақты мәлімет берді.
Кәсіпорында заманауи әрі инновациялық технологиялар қолданылып отыр. Жобаның бірінші кезеңінде жылына 20 мың тонна алюминий профильдерін өндіру жоспарланған. Ал екінші кезеңде өндірістік қуаттылықты қосымша 10 мың тоннаға арттыру көзделіп отыр. Қазақстан мен Қытай арасындағы іскерлік әріптестіктің нәтижесінде Орталық Азиядағы теңдессіз жобалардың бірін жүзеге асыруға мүмкіндік алдық. Зауыт құрылысы үшін “Бадам” индустриалды аймағынан 8 гектар жер бөлінді. Қазіргі таңда негізгі өндірістік блоктың құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізіліп, металл конструкцияларын орнату 90 пайызға аяқталды», – деді ол.
Парламент депутаттары аталған өндіріс орны Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың отандық өнім көлемін арттыру, өңдеу өнеркәсібін дамыту және экспортқа бағдарланған өндірістерді қолдау жөніндегі тапсырмаларының нақты жүзеге асуы екенін атап өтті. Халық қалаулыларының айтуынша, мұндай жобалар еліміздің экономикалық тәуелсіздігін нығайтып, жаңа жұмыс орындарын ашуға және қосылған құны жоғары өнім шығаруға жол ашады.
Сонымен қатар, Мәжіліс депутаттары өңірдің аграрлық әлеуетін заман талабына сай дамыту мәселесіне де ерекше назар аударды. Ауыл шаруашылығы мен өңдеу өнеркәсібін өзара ұштастыру, аграрлық өнімдерді терең өңдеу және оларды ішкі және сыртқы нарыққа шығару – Мемлекет басшысы айқындаған негізгі басымдықтардың бірі екені атап өтілді. Бұл бағытта қабылданып жатқан заңнамалық және институционалдық шаралар «AMANAT» партиясының сайлауалды бағдарламасында да нақты көрініс тапқан.
Мәжіліс депутаты Темір Қырықбаев өндірістік және аграрлық жобалардың ел экономикасы үшін маңыздылығына тоқталды. «Өңірлерде осындай ірі өндіріс орындарының ашылуы Мемлекет басшысы белгілеген экономиканы әртараптандыру саясатының нақты нәтижесі. Біз үшін өндіріс пен ауыл шаруашылығының қатар дамуы аса маңызды. Парламент тарапынан инвесторларға қолайлы заңнамалық орта қалыптастыру, отандық кәсіпорындардың бәсекеге қабілеттілігін арттыру бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасын табады. Қуатты өндіріс – тұрақты жұмыс орындары мен халықтың әл-ауқатының өсуі», – деді ол.
Жұмыс сапары барысында депутаттар Шұбарсу ауылында жуырда пайдалануға берілген 600 орындық «Парасат» жалпы білім беретін мектебінің жұмысымен де танысты. Бұл нысан да «AMANAT» партиясының сайлауалды бағдарламасы аясында, сондай-ақ Мемлекет басшысының білім беру инфрақұрылымын дамыту жөніндегі тапсырмаларына сәйкес жүзеге асырылған маңызды әлеуметтік жоба болып табылады.
Мектеп құрылысы 2023 жылы басталып, 2025 жылдың желтоқсан айында толық аяқталған. Жалпы аумағы 2,6 гектарды құрайтын білім беру нысанының ғимарат ауданы 4259,26 шаршы метр. Үш қабатты мектепте асхана, кітапхана, оқу залы, спорт және акт залдары, медициналық пункт, сондай-ақ заманауи жабдықталған пәндік кабинеттер қарастырылған. Мұнда 70-ке жуық адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Жобаның жалпы құны 2 млрд 644 млн 403 мың теңге, мердігер мекеме – «Дос и К Сервис» ЖШС. Бұл туралы Ордабасы аудандық білім бөлімі басшысының уақытша міндетін атқарушы Ердос Әбішов мәлімдеді.
Айта кету керек, Шұбарсу ауылы Түркістан облысындағы халқы ең тығыз орналасқан елді мекендердің бірі. Бүгінде ауылда 50 мыңнан астам тұрғын бар, 15 мектепте 12 мыңнан аса оқушы білім алады. Осыған байланысты жаңа мектептің ашылуы білім беру саласындағы жүктемені азайтып, оқу сапасын арттыруға елеулі ықпал етпек.
Мәжіліс депутаты Қайрат Балабиев аталған жобаның стратегиялық маңызын атап өтті. «Білім беру инфрақұрылымын дамыту – ел болашағына салынған инвестиция. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асып жатқан бұл жобалар жас ұрпақтың сапалы білім алуына және ауыл мен қала арасындағы білім теңсіздігін жоюға бағытталған. Бұл – партияның сайлауалды бағдарламасында айқын көрсетілген басымдықтардың бірі», – деді ол.
Жалпы, өткен жылы Түркістан облысы бойынша 20-ға жуық жаңа мектеп пайдалануға берілсе, соның 5-еуі Ордабасы ауданында ашылған. Бұл өңірде әлеуметтік инфрақұрылымды дамытуға ерекше көңіл бөлініп отырғанын көрсетеді.
Жұмыс сапары қорытындысында Мәжіліс депутаттары жергілікті кәсіпкерлермен, аграрлық сала өкілдерімен және білім беру ұйымдарының басшыларымен пікір алмасып, инвестициялық ахуалды жақсарту, ауыл шаруашылығы мен өндірісті кешенді дамыту және өңірлерді жүйелі қолдау мәселелерін талқылады. Көтерілген ұсыныстар мен түйткілді мәселелер Парламент қабырғасында қарастырылатыны жеткізілді.


