ТҮРКІСТАН: Рухани келісім күніне арналған спартакиада өтті

0
476

«Рухани келісім күні» Қазақстандағы әлеуметтік маңызды күндердің бірі болып саналады.


ТҮРКІСТАН: Рухани келісім күніне арналған спартакиада өтті

Түркістан облысында «Рухани келісім – тұрақтылықтың іргетасы» атты спартакиада өтті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Алғаш рет 1992 жылдың 18 қазанда аталып өткен Халықаралық «Рухани келісім күні» Қазақстандағы әлеуметтік маңызды күндердің бірі болып саналады. Елімізді мекен еткен азаматтардың ұлты мен діни сеніміне қарамастан бір шаңырақ астына біріктіруді мақсат ететін айтулы күн – қоғамдағы тұрақтылық пен келісім мерекесі. Сондықтан да бірлік пен қайырымдылық, жақсылық жасау, бір-бірімен төс қағыстыру, қонаққа шақырып сый-құрмет көрсету осы күнге тән әрекет.


Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы мен «Рухани келісім күні» мерекесін өз деңгейінде атап өту мақсатында «Рухани келісім – тұрақтылықтың іргетасы» тақырыбында аудан имамдары мен мешіт жамағаттары арасында аудандық спартакиада болып өтті. Қаладағы «Қ.Мұңайтпасов» атындағы орталық стадионында өткен шараның ашылу салтанатына Жетісай ауданы әкімінің орынбасары Серік Пірімбеков пен аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Омар Есенбеков, ауданның бас имамы Жорабай Дулатбаев пен аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Айтбай Махамбетов қатысып, жұртшылықты айтулы мерекелерімен құттықтады. Байрақты бәсекеге қатысушыларға сәттілік тіледі.


«Мемлекетіміздің бүгінгі даму жолында, оның қауіпсіздігін қамтамасыз етуде дін саласы ерекше маңызға ие болып отырғаны өздеріңізге белгілі. Мемлекет басшысының салиқалы саясатының арқасында Тәуелсіз мемлекетіміз – Қазақстан Республикасының өркендеп өсе түсуіне, елімізде дін саласындағы тұрақтылықтың қамтамасыз етілуіне, ынтымақ пен бірліктің артуы бағытында біршама нәтижелі жұмыстар атқарылуда. Баршаңызды мерекелеріңізбен құттықтай отырып дендеріңізге саулық, отбасыларыңызға береке тілеймін! Бүгінгі спартакиада тек мықтылар жеңіске жетсін!», - деді аудан әкімінің орынбасары Серік Пірімбеков.


Спорттың кіші футбол, үстел теннисі мен арқан тарту секілді түрлерінен өткен спартакиадаға қатысқан 8 құрама команда да өздерінің жақсы дайындықпен келгендіктерін дәлелдеді. Ә дегеннен қарсыластарына есе жібермеуге әрекет жасап, кездесулердің көркін аша түсті. Бір командалар теңбіл доп додасында теңдессіз болса, енді біреулері үстел теннисінде қарсылас шақ келтірмеді. Арқан тартыста атой салып, алдындағыларды сүйреп кеткен қара күш иелері де болды жарыста.


Спартакиада қорытындысы бойынша кіші футболдан «Имам Бухари» мешіті ІІІ орын иеленсе «Нұр-Жетісай» мешітінің командасы ІІ орынға табан тіреді. І орын «Әл-Құддыс» мешітінің қанжығасына байланды.


Ал, спорттың арқан тарту түрі бойынша ІІІ орынды «Нағанай ата» мешіті, ІІ орынды «Нұр-Жетісай» мешіті, І орынды «Әбдуасыл ата» мешіті иеленсе үстел теннисінен ІІІ орын Ибадулла Байжановқа, ІІ орын Ербол Шырынханға, І орын Альхайыр Жеңіске бұйырды.


Айта кетейік, ауданда діни негіздегі жанжалдар, діни экстремизм мен конфессияаралық алауыздықты жағу деректерін болдырмау, алдын алу мақсатында 55 діни бірлестік аудан әкімдігімен, құзырлы органдармен біргелікте жұмыс жүргізуде.