Жылыжай кешені Польша инвесторларының қаржысына салынуда.
Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев агроөнеркәсіп кешені саласында атқарылған жұмыстармен танысу үшін Сайрам ауданына барды, деп хабаралайды ERNUR.KZ.
Алдымен Манкент ауылында орналасқан «Нұрым Груп» ЖШС-іне кіріп, ондағы жұмыстардың жай-күйін бақылады. 10 000 бас ірі қара малға арналған бордақылау алаңы мен құрама жем цехы бар серіктестік жылына 5000 тонна ет өнімдерін экспорттайды. Қазіргі таңда 6000 бас ірі қара мал өсіріліп, экспортталуда. Толық циклды ақылды ферма болып саналатын кәсіпорын ҚР ішкі нарығында және Иран Республикасына 2000 тонна сиыр етін экспорттаған. Кәсіпорын басшысы Сырым Ертаевмұнда 50-ге жуық адам жұмыспен қамтылғанын және алдағы уақытта Арыс қаласы аумағынан 20 000 малға арналған мал бордақылау алаңын салу жоспарланғанын айтты. Сондай-ақ серіктестік басшысы мал терісін экспорттау мәселесін қолға алыну қажеттігін жеткізді.
Сонымен қатар облыс басшысы «Өмірәлі» шаруа қожалығына барып, егістік алқабындағы қызу жұмыстың барысымен танысты. Қожалық 5 гектар жер аумағынан гектарына 25 центнер өнім алып отыр. Онда облыс әкімі шөп жинау науқанына қатысып, арнайы жүк көліктеріне шөп артып, шаруаларға көмегін тигізді. Жалпы ағымдағы жылы 3,7 миллион тонна мал азығын жинау жоспарланып, оның 85 пайызы, яғни 3,4 миллион тонна мал азығы жиналды. Өмірзақ Естайұлы биылғы ауа-райының қолайлылығын пайдалана отырып, 1,5 жылдық мал азығын жинау қажеттігін тапсырды.
Сондай-ақ, аймақ басшысы Ақсукент елді-мекеніндегі қуаттылығы 100 тонна сүт өнімін өңдейтін «Ақ-су» ЖШС-не аялдады. Серіктестік бүгінгі таңда ірімшіктің 15 түрін өндірумен айналысады. Сапалы, табиғи өнімді өндіретін кәсіпорында бүгінгі таңда 80-ге жуық маман жұмыс істейді. Онда жұмыстың тиімділігін арттыру үшін арнайы құрал-жабдықтар Түркия Республикасынан әкелінген. Өз кезегінде облыс әкімі өнім түрлерін арттыра түсуге басымдық беріп, өнім көлемін ұлғайту керектігін айтты.
Содан соң облыс әкімі Қарамұрт елді-мекенінің аумағында салынып жатқан «Ecoinvest SA» ЖШС өнеркәсіптік жылыжайдың құрылыс барысымен танысты. Польша инвесторларының қаржысына салынып жатқан жылыжайдың жалпы аумағы 20 гектарды құраса, ағымдағы жылдың ішінде 11 гектардың құрылысын бітіру жоспарланған. Қызанақ, қияр сынды көкөністерден жылына 16 000 тонна өнім беруді көздеген жылыжай алдағы уақытта 500 адамды жұмыспен қамтымақ. Өнімдерін Қазақстан, Ресей нарығына шығаруды жоспарлаған жылыжайдың жалпы сметалық құны 7,5 милиард теңгені құрайды. Серіктестік басшысы Берік Иляев құрылысқа жұмсалған шығынды 5 жылдың ішінде толықтай өтеуді жоспарлап отырғанын жеткізді