Соңғы екі жыл көлемінде облыс бойынша ауыр жүк көліктерінің шамадан тыс жүк артып жүруінің салдарынан жолдар мерзімінен бұрын бұзылған.
Сайрам ауданында автоматтандырылған өлшеу станциялары 1 наурыздан бастап заң бұзған жүк көліктеріне айыппұл рәсімдейді, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Түркістан облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының мәліметінше, облыс аумағында жалпы тіркелген 36 784 ауыр жүк көлігі бар. Соңғы екі жыл көлемінде облыс бойынша ауыр жүк көліктерінің шамадан тыс жүк артып жүруінің салдарынан жолдар мерзімінен бұрын бұзылған. Ауыр жүк көліктерінің 1 жылға төленетін жалпы салығы - 85,4 млн теңге болса, жолдарға жылына орта есеппен 12,3 млрд теңгеге зақым келген.
Облыс аумағында ауыр салмақты жүк көліктерінің шамадан тыс жүк артып жүру қозғалысын шектеу мақсатында 2025 жылы 2 жерге автоматтандырылған өлшеу станциясы орнатылған. Былтыр Арыс қаласына қарасты облыстық маңызы бар КХ-8 «Өзбекстан Республикасының шекарасы-Шардара-Арыс-Темірлан» және КХ-92 «Арыс-Монтайтас» автомобиль жолына автоматтандырылған өлшеу станциясы қойылған. Аталған өлшеу және салмақ бақылау жүйесінде анықталған әкімшілік құқық бұзушылықтар автоматты түрде «Жол және салмақ бақылау» ақпараттық жүйесімен ҚР Бас Прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитеті жүргізетін Әкімшілік құқық бұзушылықтардың бірыңғай тізіліміне енгізіліп, айыппұл есептеледі. Бүгінгі күні ауыр жүк тасымалдаушылар тарапынан 2 720 құқықбұзушылық анықталып, 437,1 млн теңге айыппұл салынған.
Ал биыл Сайрам ауданындағы облыстық маңызы бар КХ-3 «Көксәйек-Ақсу-Шаян-Мыңбұлақ-М-32» автомобиль жолының Қарамұрт, Ақсукент елді мекендері тұстарында және KXSR-16 «Ақсу-Көмешбұлақ» автомобиль жолының Әйтеке би елді мекені тұсында автоматтандырылған өлшеу станциялары орнатылды. Биыл 1 наурыздан бастап ЕРАП жүйесі арқылы айыппұл есептелетін болады.
Сонымен қатар, 2026-2028 жылдары жергілікті маңызы бар автомобиль жолдарына 11 дана автоматтандырылған өлшеуіш станцияларын орнату жоспарлануда.


