ТҮРКІСТАН: «Саламатты Қазақстан» пойызы түлкібастықтарға қызмет көрсетті

0
428

Жоба аясында әлеуметтік жағынан мұқтаж топтарға көмек көрсетуге ерекше көңіл бөлініп отыр.


ТҮРКІСТАН: «Саламатты Қазақстан» пойызы түлкібастықтарға қызмет көрсетті

Түлкібас ауданында «Саламатты Қазақстан» медициналық пойызы қызмет көрсетті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Осы жылдың 26 сәуірінен бастап ҚР Президентінің жанындағы Әйелдер және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі Ұлттық комиссияның қолдауымен «Самырұқ-Қазына» және ҚР Денсаулық сақтау министрлігі бірлесіп, «Саламатты Қазақстан» ауқымды әлеуметтік жобасын жүзеге асыруда. Кәсіби медиаторлар мен заңгерлер қосылған медициналық пойыз жұмысы Түркістан облысында, атап айтқанда Сауран мен Отырар ауданында, Арыс қаласы маңында, Ордабасы ауданында жалғасып, Түлкібас ауданында қорытындыланды.


«Саламатты Қазақстан» медициналық пойызы Түлкібас ауданына қарасты Ынтымақ елді мекенінің теміржол станциясына тоқтап, аудан тұрғындарына тегін медициналық, психологиялық, құқықтық және медиативтік (татуласу) көмек көрсетті. Екі күн бойы білікті медициналық мамандардан (терапевт, стоматолог, офтальмолог, ЛОР дәрігері, хирург, уролог, невропатолог, гинеколог) кеңестер беріп, тұрғындар шағымына қарай қарады.


Жоба аясында әлеуметтік жағынан мұқтаж топтарға көмек көрсетуге ерекше көңіл бөлініп отыр. Олардың қатарында жалғызбасты аналар, көп алалы аналар, мүгедек және ауыр дертке шалдыққан балаларды тәрбиелеп отырған әйелдер, жұмыссыз жастар, мүгедек әйелдер, зейнеткерлер, студенттер бар.


Айта кетейік, бұл пойыздың мақсаты – ел аймақтарының шалғай станцияларында тұратын азаматтарына тегін медициналық, психологиялық, құқықтық және медиативтік (татуласу) көмек көрсету.