ТҮРКІСТАН: Сарыағаш ауданында қоғамдық көліктер жаңартылды

0
57

6 дана «Газель» және 2 дана «ПАЗ» маркалы автобустары сатып алынды.


ТҮРКІСТАН: Сарыағаш ауданында қоғамдық көліктер жаңартылды

Сарыағаш ауданында қоғамдық көліктер жаңартылды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Мемлекет басшысы көлік-логистика инфрақұрылымын одан әрі дамытудың маңыздылығына ерекше назар аударып, қалалар мен елді мекендерде сапалы әрі қолайлы қоғамдық көлік жүйесі қалыптасуы қажет екенін атап өткен болатын. Осы тапсырма аясында Сарыағаш ауданында қоғамдық көлік паркін жаңарту жұмыстары жүзеге асырылып, аудан әкімі Арман Абдуллаев жаңа автокөліктердің кілттерін салтанатты түрде табыстады.


Салтанатты рәсімге аудандық мәслихат төрағасы Рысбек Асылбекұлы, «AMANAT» партиясы аудандық филиалының төрағасы Шермат Ибрагимов, сондай-ақ сала өкілдері қатысты.


– Мемлекет басшысының халықтың өмір сүру сапасын арттыру жөніндегі тапсырмасына сәйкес, бүгінгі таңда ауданда жолаушылар тасымалын жетілдіру бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіліп келеді. Қоғамдық көліктердің жаңартылуы тұрғындарға көрсетілетін қызмет сапасын арттырып, жолаушылардың уақтылы әрі қауіпсіз қатынауын қамтамасыз етеді. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да кезең-кезеңімен жалғасын табады, – деді Арман Абдуллаев.


Сонымен қатар аудан басшысы «SAR AVTO» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің ұжымына жаңа автокөліктерді тиімді пайдалану, техникалық қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтау және тұрғындарға мәдениетті әрі сапалы қызмет көрсету бойынша үлкен жауапкершілік жүктелетінін атап өтті.


Айта кетсек, қызмет көрсетуші «SAR AVTO» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі мен Сарыағаш ауданы әкімдігінің бастамасымен «Өнеркәсіпті дамыту қорымен» келісім жасалып, қаржылық лизинг тетігі арқылы қаражат тартылды. Соның нәтижесінде 6 дана «Газель» және 2 дана «ПАЗ» маркалы автобустары сатып алынды. Облыстық индикаторлық көрсеткіш толық көлемде орындалып, жаңартылған автопарк ауданішілік және елді мекендер арасындағы көлік қатынасын жақсартуға, жолаушыларға қолайлы жағдай жасауға және жол қозғалысы қауіпсіздігін арттыруға мүмкіндік беріп отыр.

Бөлісу