​ТҮРКІСТАН: Сарыағаш ауданында төрт оқушы олимпиада жеңімпазы атанды

0
914

Олимпиадаға қатысу үшін жалпы ауданнан 791 оқушы онлайн режимінде өтініш берген.


​ТҮРКІСТАН: Сарыағаш ауданында төрт оқушы олимпиада жеңімпазы атанды

Түркістан облысы Сарыағаш ауданының 4 мектеп оқушысы олимпиада жеңімпазы атанды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Олардың қатарында №27 Шәкәрім атындағы жалпы орта мектебінің шәкірті Абылай Жолдасбек, №38 М.Мақатаев атындағы жалпы жалпы орта мектебінің оқушысы Сәтбай Бағдат және №74 жалпы орта мектебінің оқушылары Маржан Сейдрахим мен Мағжан Оңлабек бар.

Олар Білім және ғылым министрлігінің бұйрығына сәйкес, «Iqanat білім беру қоры» қоғамдық қорының ұйымдастыруымен өткен облыстық олимпиада ойындарының іріктеуінен өтіп «IQanat» республикалық олимпиадасының жолдамасын жеңіп алды. Жолдама алған оқушылар 10-11-сыныптарды аталған мектепте тегін және халықаралық стандарттармен білім алатын болады.

Олимпиадаға қатысу үшін жалпы ауданнан 791 оқушы онлайн режимінде өтініш берген. Оның 239-ы аудандық турдан өтсе, облыстық турдан 12 оқушы іріктеліп, үшінші республикалық турға жолдама алды.

Айта кетейік, аталған олимпиада ауыл мектептерінің 9-сынып оқушылары арасында 4 пән бойынша әр жартыжыл сайын өткізіледі. Атап айтсақ, математика, физика, ағылшын тілі, әдебиет. Республикалық олимпиаданың мақсаты – ауылды жерлердегі зерек балаларды қолдау, олардың отандық және шетелдік университеттерде білім алуына мүмкіндік беру.