ТҮРКІСТАН: Сарыағашта 60 балаға мектеп формасы мен оқу құралдары табысталды

0
1 037

Әр бала 1 сөмке және 30 мың теңге көлемінде мектеп формасы үшін қаржылай көмекпен қамтылды.


ТҮРКІСТАН: Сарыағашта 60 балаға мектеп формасы мен оқу құралдары табысталды

Сарыағашта 60 бала мектеп формасы және оқу құралдарымен қамтылды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


«AMANAT» партиясы Сарыағаш аудандық филиалының ұйымдастыруымен және Түркістан облыстық мәслихат депутаттарының демеушілігімен 60 балаға мектеп формасы мен оқу құралдары жинақталған сөмкелер үлестірілді. Аталған қайырымдылық шара «Бақытты отбасы» партиялық жобасы аясында «Балаларды мектепке даярлайық!» акциясы бойынша жүзеге асырылды.


Жыл сайын дәстүрлі түрде өткізілетін науқанға белсенділік танытып келе жатқан халық қалаулылары Алмас Салимов, Жомарт Әбдібаев, Роллан Шеримов бұл жолы да тыс қалмады. Облыстық мәслихат депутаттары бірлесіп аз қамтылған және көпбалалы жанұяларға өз қаражаттары есебінен 2 млн.теңгеге жуық қаржы жұмсады. Әр бала 1 сөмке және 30 мың теңге көлемінде мектеп формасы үшін қаржылай көмекпен қамтылды.

Іс-шараға облыстық партия филиалының Атқарушы хатшысы, Фракция жетекшісі Бейсен Тәжібаев, аудандық филиалдың Атқарушы хатшысы Құдірет Қыстаубаев, аудандық мәслихат депутаттары Дана Оспанова, Гүлжазира Ізбасарова, Замира Ибадуллаева, аудандық ішкі істер бөлімі бастығының орынбасары Нұржан Мұтаев қатысты.


«Балалар – біздің болашағымыз. Олардың жүзіне күлкі үйірілгенін көру бізге қуаныш сыйлайды. Бүгін көпбалалы және аз қамтылған жанұялардың балаларына мектепке қажетті заттар, сөмкелер және киім-кешектерді табыстадық. Бұл іс бәлкім теңізге құйған тамшыдай болар. Бірақ, аз да болсын көңілдеріне демеу болдық деп ойлаймын», - дейді жалпыреспубликалық акцияға атсалысқан депутат Алмас Салимов.


Д.Оспанованың ұйымдастыруымен талантты балалардан құралған топтардың өнері тамашаланып, жиын концерттік бағдарламамен ұласты. Б.Дәулетұлының айтуынша, «Балаларды мектепке даярлайық!» акциясы аясында 15-26 тамыз аралығында облыс аумағында 1500 оқушыға әлеуметтік қолдау көрсетілді. Ата-аналар партия филиалдары және меценаттарға алғыстарын жаудыруда. Мұндай бағыттағы акциялар саяси ұйымда дәстүрлі түрде өтетін шаралардың бірі болып саналады.