ТҮРКІСТАН: Сарыағашта кәсіпкерлік, туризм мен және ауыл шаруашылығын дамытуға басымдық беріледі

0
468

Немқұрайлылыққа салынбай, жұмысты сапалы, жылдам атқаруды тапсырды.


ТҮРКІСТАН: Сарыағашта кәсіпкерлік, туризм мен және ауыл шаруашылығын дамытуға басымдық беріледі

Сарыағаш ауданында бірнеше саланы дамыту жұмыстарына басымдық беріледі, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Сарыағашта кәсіпкерлікті, туризмді және ауыл шаруашылығын дамыту жұмыстарына басымдық беріледі. Ол үшін жергілікті басшылардың сергектігі, басқарма басшыларының қайраткерлігі қажет. Облыс әкімі Дархан Сатыбалды Сарыағаш ауданын дамыту жөніндегі актив отырысында жауаптыларға маңызды міндеттер жүктеді. Немқұрайлылыққа салынбай, жұмысты сапалы, жылдам атқаруды тапсырды. Шекаралас аймақтағы ауданның әлеуеті бұдан да мықты болу керек екенін жеткізді.


«Биыл алғашқы жартыжылдықта ауданға келіп, өздеріңізбен жүздескен болатынбыз. Сол кезде Сарыағаш ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуының барысымен танысып, аудандағы кемшіліктерді жою бойынша нақты тапсырмалар берілген еді. Бүгін осы атқарылған жұмыстарды қорытындылау үшін қайта жиналып отырмыз. Биыл 10 айдың қорытындысымен аудан бойынша бірқатар көрсеткіш орындалмаған. Жыл соңына дейін барлық жоспарланған көрсеткіштерді орындаңыздар. Өнеркәсіп саласында жаңа кәсіпорындар, жұмыс орындарын ашу, ауыл шаруашылығы, жылыжайларды дамыту жұмыстарын ширатыңыздар. Жастардың арасында жұмыссыздықты жоюға ерекше көңіл бөлу қажет. Тұрғындарды сапалы инфрақұрылыммен қамту жұмыстары күшейтілсін. Сарыағаш – туризмді дамытуға өте қолайлы аймақ. Мұндағы шипажайлар, минералды су бүкіл Қазақстанға әйгілі. Туризм саласы – ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына оң әсер тигізетіні сөзсіз. Сондықтан, Денсаулық сақтау, Мәдениет және туризм басқармаларымен бірлесе отырып, туризмді дамыту үшін қолайлы жағдай жасау қажет. Осы мәселені жеке бақылауыңызға алып, қысқа мерзімде оң шешім шығарыңыз», – деген Дархан Сатыбалды аудан әкіміне нақты тапсырмалар берді.


Мәжілісте Сарыағаш ауданының әкімі Арман Абдуллаев баяндама жасаса, Түркістан облысы әкімі аппаратының басшысы Еркеғали Әлімқұлов аудандағы жұмыстарды зерделеу нәтижесі бойынша ой қозғады.


Өнеркәсіп өнімінің көлемі биыл 11 айдың қорытындысымен 25 млрд. теңгені құрап, нақты көлем индексі 8 пайызға төмен орындалған. Жыл соңына дейін молайту тапсырылды. Туризм саласына инвестиция тарту жұмыстарын да ширату керек. Ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі 119 млрд. теңге болды. Мәжілісте облыс әкімі ауданның әлеуеті мен мүмкіндігі бұдан да жоғары екенін айта келе, барлық салада жұмысты жандандыруды тапсырды. Көшелерді қоқыстан тазарту, көгалдандыру, абаттандыру мәселелері де көтеріліп, ұсыныстар берілді.


Айта кетейік, облыс әкімі Дархан Сатыбалды халықпен кездесулерден бөлек, әр жартыжылдық сайын аудан, қалаларға барып, мәжіліс өткізіп келеді. Нысандарды аралап, тұрғындарды қабылдауда. Бұның бәрі «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы аясында жүзеге асуда. Осы іссапарлар, қабылдаулар нәтижесінде шалғайдағы ауыл тұрғындарының мәселелері шешімін табуда.