ТҮРКІСТАН: Сарыағашта «Шығыс шақырады» форумы өтті

0
116

Форум барысында ұйымдастырылған бос жұмыс орындары жәрмеңкесінде 1746 вакансия ұсынылды.


ТҮРКІСТАН: Сарыағашта «Шығыс шақырады» форумы өтті

Сарыағаш ауданында ішкі көші-қон үдерісін дамытуға бағытталған маңызды кездесу өтті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Түркістан облысы, Сарыағаш ауданында ішкі көші-қон үдерісін дамытуға бағытталған маңызды кездесу өтті. «Қапланбек» жоғары аграрлық техникалық колледжінде өткен «Шығыс шақырады» форумы аясында Шығыс Қазақстан облысынан арнайы келген делегация өкілдері мен жергілікті тұрғындар ерікті қоныс аудару, еңбек нарығындағы жаңа мүмкіндіктер және әлеуметтік қолдау тетіктері жөнінде кеңінен пікір алмасты.


Форум барысында ұйымдастырылған бос жұмыс орындары жәрмеңкесінде 1746 вакансия ұсынылды. Іс-шараға 400-ден астам тұрғын қатысып, олардың 40-тан астамы Шығыс өңірлерге қоныс аударуға ниет білдірді. Бұл – өңіраралық ынтымақтастық пен халықты жұмыспен қамту бағытындағы жүйелі жұмыстың нақты нәтижесі.


Кездесу барысында мамандар ішкі көші-қонды тиімді реттеу, яғни халқы тығыз орналасқан өңірлерден еңбек ресурстары тапшы аймақтарға қоныстандырудың маңызына тоқталды. Бүгінде Түркістан облысы еңбек әлеуеті жоғары өңірлердің бірі ретінде елдің солтүстік және шығыс аймақтарындағы жұмыс күші тапшылығын толтыруға үлкен үлес қосып келеді. 2015 жылдан бері Түркістан облысынан 16 318 адам еліміздің солтүстік аймақтарына қоныс аударған. Бұл – ел ішіндегі еңбек нарығын теңгерімдеу мен азаматтардың өмір сапасын арттыруға бағытталған сәтті қадам.


Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы биыл 8-10 сәуір аралығында Жетісай, Сайрам, Түркістан, Мақтаарал және Ордабасы аудандарында «Қоныс аудару» жәрмеңкелерін ұйымдастырып, 7 облыстан 10 000-нан астам бос жұмыс орнын ұсынды. Олардың қатарында: Солтүстік Қазақстан облысы – 2959 орын, Абай облысы – 104 орын, Шығыс Қазақстан облысы – 2671 орын, Павлодар облысы – 2424 орын, Ұлытау облысы – 145 орын, Қарағанды облысы – 1342 орын және Қостанай облысынан 823 орын бар.


Тамыз айында Кентау, Арыс, Отырар, Созақ, Бәйдібек, Сауран және Шардара аудандарында Солтүстік Қазақстан облысынан келген делегациямен кездесулер өтті. Нәтижесінде 1341 бос жұмыс орны ұсынылып, 550-ге жуық адам қатысты. Қыркүйекте Павлодар облысының делегациясы Түркістан өңірінің бірқатар аудан-қалаларында 1521 бос жұмыс орнын ұсынып, 800-ге жуық тұрғынмен кездесті.


Ерікті түрде көшуге ниет білдірген азаматтарға мемлекет тарапынан ауқымды қолдау қарастырылған. Әр отбасы мүшесіне 70 АЕК мөлшерінде бір реттік субсидия, 12 ай бойы коммуналдық қызметтерге 15-30 АЕК көлемінде ай сайынғы көмек, тұрғын үй сатып алу кезінде үй құнының 50%-на дейінгі экономикалық мобильділік сертификаты (1 160 АЕК-ке дейін) беріледі.


«Шығыс шақырады» форумы – ел ішінде еңбек ресурстарының тең бөлінуін қамтамасыз етіп, жаңа өмірге жол ашатын игі бастамалардың бірі. Мұндай шаралар өңірлер арасындағы тәжірибе алмасуға, халықты нәтижелі жұмыспен қамтуға және елдің экономикалық әлеуетін нығайтуға зор үлес қосады.

Бөлісу