ТҮРКІСТАН: «Сауран-Су» МКК-ге айыппұл салынды

0
77

13 788 848 теңге көлемінде әкімшілік айыппұл салынды


ТҮРКІСТАН: «Сауран-Су» МКК-ге айыппұл салынды

Түркістан қаласындағы «Сауран-Су» МКК-ге тарифтік сметаны орындамағаны үшін айыппұл салынды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігі Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Түркістан облысы бойынша департаменті «Сауран-Су» МКК-ны әкімшілік жауапкершілікке тартты.

Жүргізілген тексеру барысында кәсіпорынның Қазақстан Республикасының «Табиғи монополиялар туралы» Заңының 26-бабы 2-тармағының 15) тармақшасының талаптарын бұзғаны анықталған. Аталған нормаға сәйкес, табиғи монополия субъектілері бекітілген тарифтік сметаларды орындауға міндетті.

Атап айтқанда, кәсіпорын 2023 және 2024 жылдарға суды таратушы желілер арқылы беру қызметі бойынша бекітілген тарифтік сметаның 137 888 487 теңге көлеміндегі сомасын орындамаған.

Материалдарды қарау нәтижелері бойынша Департаменттің 2025 жылғы 23 шілдедегі қаулысымен кәсіпорын Қазақстан Республикасының «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» кодексінің 164-бабының 5-бөлігі бойынша кінәлі деп танылды. «Сауран-Су» МКК-ге 13 788 848 теңге көлемінде әкімшілік айыппұл салынды, бұл анықталған бұзушылық сомасының 10%-ын құрайды.

Бүгінгі таңда әкімшілік айыппұл мемлекеттік бюджетке толық көлемде төленді.

Аталған факт табиғи монополиялар саласындағы заңнама талаптарын қатаң сақтау қажеттігін көрсетеді және нарық субъектілеріне бекітілген тарифтік сметалар мен инвестициялық бағдарламаларды тиісінше орындаудың маңыздылығын ескертеді.

Департамент заңнаманың сақталуын, тарифтік саясаттың ашықтығын және коммуналдық қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын қорғауды қамтамасыз ете отырып, табиғи монополиялар субъектілерінің қызметін бақылау бойынша жүйелі жұмысты жалғастыруда.

Бөлісу